Президент үш маңызды мемлекеттік органның басшыларын қайта тағайындады

65
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ynu6FGKPdWQPxVckoLsiV20mF7pT9nYqbHHwmFga.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен үш маңызды мемлекеттік органның басшылары қайта тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна".

Мемлекет басшысы Жарлығымен Конституциялық Сотты Эльвира Әзімова, Орталық сайлау комиссиясын Нұрлан Әбдіров, ал Жоғары аудиторлық палатаны Әлихан Смайылов басқаратын болды.

Жаңа басшылардың әрқайсысының мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар.

Эльвира Әзімова

Эльвира Әбілхасымқызы Әзімова 1973 жылғы 15 ақпанда дүниеге келген. 1996 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «халықаралық заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық ішкі істер бөлімінде басқару пультінің кезекші операторы қызметінен бастаған.

1996-2013 жылдары Әділет министрлігінің жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеп, 2013-2019 жылдары Әділет министрінің орынбасары қызметін атқарды.

2019-2022 жылдары Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болды. Сондай-ақ Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында жұмыс істеді.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Конституциялық Соттың Төрағасы қызметіне тағайындалды.

Нұрлан Әбдіров

Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров 1961 жылғы 12 қаңтарда дүниеге келген. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін және КСРО ІІМ Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының күндізгі адъюнктурасын тәмамдаған. Заң ғылымдарының докторы, профессор.

1982-1997 жылдары Қарағанды жоғары мектебінде оқытушы болып еңбек етті. Кейін Есірткіні бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияда, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігінде және Әділет министрлігінің бірқатар құрылымдарында басшылық қызметтер атқарды.

2002-2009 жылдары Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2005-2009 жылдары Қауіпсіздік кеңесі Хатшысының орынбасары әрі Хатшылық меңгерушісі болды.

2009-2020 жылдары Мәжіліс депутаты болып, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетін басқарды. 2020 жылы Сенат депутаты болып сайланып, кейін Сенат Төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылғы 25 қаңтарда Президент Жарлығымен Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы болып тағайындалған.

Әлихан Смайылов

Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылғы 18 желтоқсанда Алматы қаласында туған.

1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдады. 1996 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтын бітіріп, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолында Статистика агенттігі, Президент Әкімшілігі және өзге де мемлекеттік құрылымдарда түрлі қызметтер атқарды. 1999-2003 жылдары Статистика агенттігін басқарды.

Кейін Сыртқы істер және Қаржы министрліктері басшылығы құрамында жұмыс істеп, «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ президенті қызметін атқарды.

2018-2019 жылдары Қаржы министрі, 2019-2022 жылдары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі болды. 2022 жылғы қаңтардан 2024 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметін атқарды.

2024 жылғы 1 сәуірдегі Президент Жарлығымен Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы болып тағайындалған.

Yorumlar
Diğer Haberler