Зауытта қаза тапқан балуанның туыстары әділдік сұрайды

231
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mEZDIxrFB1EkMoFiYdq7G4nvHF9OImCcYuyx9TN8.webp

Шымкентте кафель өндіретін зауытта қаза тапқан  28 жастағы спортшы Әділ Тілектестің туыстары кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталмаған болуы мүмкін деп күдіктенеді, деп хабарлайды "Адырна" Информбюроға сілтеп.

Алдын ала мәлімет бойынша, Әділ Тілектес жұмыс кезінде электр тоғына түсіп, биіктен құлаған. Ол алған жарақатынан көз жұмған. Марқұмның әпкелерінің айтуынша, олар демалыс күні Әділді жұмыстан алып кетуге барған. Сол күні отбасы әкелерінің туған күнін атап өтуді жоспарлаған. Алайда зауытқа барған кезде бауырларының ауыр жарақат алғанын білген.

Туыстары кәсіпорында қауіпсіздік талаптарының қаншалықты сақталғанын анықтауды сұрап отыр. Сондай-ақ отбасы кінәлілер заң аясында жауапқа тартылып, марқұмның жақындарына өтемақы төленуін талап етеді. Туыстарының сөзінше, кәсіпорын өкілдері отбасына көмек көрсетуге уәде берген.

Әділ Тілектес грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған. Ол есту қабілеті төмен спортшылар арасында өткен халықаралық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғаған. Ым-ишара тілін қолданған балуан спорттан тұрақты табыс болмағандықтан, зауытқа жұмысқа орналасқан.

Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, кәсіпорын аумағында жұмысшының қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жұмыс кезінде электр тоғына түсіп, өлімге әкелген жарақат алған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

 

Yorumlar
Diğer Haberler