Ресейдің Зеленский ұшағына 2 рет шабуылға әрекеттенгені айтылды

325
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JVhczjaPHe1zR8AGgJLNPIFyHPu21dNZdZH90rZ7.webp

Украина президенті Владимир Зеленский соңғы бірнеше апта ішінде өзі отырған ұшаққа ресейлік дрондар екі рет шабуыл жасауға әрекеттенгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол CBS News арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Зеленскийдің сөзінше, алғашқы оқиға оның президенттік ұшағы Норвегияға бағыт алған кезде Молдова аумағында болған.

«Молдовада менің президенттік ұшағым болды, сондықтан олар Молдоваға шабуыл жасады», – деді ол.

Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёренің сөзінше, 9 қыркүйекте дрон Молдова әуе кеңістігінде Зеленскийдің ұшағына «сәл ғана жетпей қалған».

Сондай-ақ Зеленский бұған дейін жария етілмеген екінші оқиға туралы айтты. Оның сөзінше, бірнеше күннен кейін ұшағы Украинаға қайтып келе жатқанда бір немесе екі дрон Молдова әуе кеңістігіне кірген. Украина президенті делегациясының барлық мүшесі аман қалған.

Украина басшысы бұл оқиғаларды Ресейдің өзін және басқа да шетелдік көшбасшыларды қорқыту стратегиясының бір бөлігі деп есептейді. Бұған дейін алғашқы оқиғаның әдейі жасалғаны немесе кездейсоқ болғаны нақты белгісіз еді.

Сондай-ақ Зеленский Ресей жексенбі күні Украинаға бет алған шетелдік делегациялар отырған пойызды әдейі нысанаға алған болуы мүмкін екенін айтты. Пойыз жолаушылары арасында Еуропаның жоғары лауазымды шенеуніктері мен АҚШ Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры Дэвид Петреус болған. Ресейлік дрон шабуылынан кейін олар Польша шекарасына жақын жерде эвакуацияланған.

«Мүмкін, олар онда америкалықтардың болғанын білмеген шығар. Ал мүмкін, керісінше, білген де болар. Мен оларға сенбеймін. Менің ойымша, олар білді», – деді Зеленский.

CBS News мәліметінше, соңғы айларда Еуропа елдерінің әуе кеңістігіне белгісіз ұшқышсыз аппараттардың ену жағдайлары жиілеген. Кейбірінің Ресеймен байланысы болуы мүмкін деген болжам бар. Сейсенбі күні НАТО жойғыш ұшақтары алғаш рет Литва әуе кеңістігіндегі ұшқышсыз аппаратты атып түсірген.

Yorumlar
Diğer Haberler