Көшпенділер ойынынан соң. Президент «даңғазаға жол бермеуге" шақырды

189
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/g0TZlnprFGUFqcMuxP04T9vrRZIpkpVXfJJRP21I.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуге шақырды. Бұл туралы Президент бүгін  VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды “Адырна”.

Астанада, Тәуелсіздік сарайында өткен жиында Президент Тоқаев бүкіл әлем түркі халықтарына көз тігіп отырғанын алға тартып, бұл жарысты бірлесе дамытуға шақырды. 

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 1-6 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өткен еді. 100-ден астам елден спортшылар қатысқан бұл сайыста Қазақстан 74 медальмен, оның ішінде 32 алтын жүлдемен бірінші орын алған болатын.

"Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашанда дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті: бұл – өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухты борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет", – деді ол.

Президент Қазақстан мақсаты – биік, жоспары – айқын, болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде әрдайым алға қарай ұмтылып келе жатқанын айтты.

"Біз, соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметкерлер мен мекеме қызметшілері – бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Yorumlar
Diğer Haberler