Асанәлі Әшімовтің бейітіне ескерткіш орнатылды

1459
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jwNgqzRlmji7Wro5DIaYANwS9lvS9vPgQrGt589d.webp

Алматыдағы «Кеңсай» зиратында қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің бейітіне орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. 

Ескерткіштің авторы – мүсінші Гүлфия Мендеш. Ол бұған дейін де Асанәлі Әшімовтің көзі тірісінде актердің бірнеше бюст-ескерткішін жасаған.

Асанәлі Әшімұлы Қазақстан театрлары қауымдастығының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған.

Өнер иесі қазақ киносының дамуына елеулі үлес қосты. Ол «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежан, «Атаманның ақыры» картинасындағы Шадияров, «Сарқырамадағы» Мәмбет, «Транссібір экспресіндегі» Қасымханов және «Бұлғар даласынан ескен жылы жел» фильміндегі Шыңғыс хан секілді кейіпкерлерді сомдады.

Актердің «Атаманның ақыры» фильміндегі Шадияров рөлі үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ал «Транссібір экспресіндегі» Қасымханов бейнесі оған бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесін әкелді.

Асанәлі Әшімов шығармашылықпен қатар әдебиетке де үлес қосты. Ол «Майраның әні», «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр-дария» атты кітаптардың авторы.

Асанәлі Әшімов 2025 жылғы 21 желтоқсанда 88 жасында дүниеден өтті.

Yorumlar
Diğer Haberler