«Көшпенділер ойындары» халықаралық кітап байқауында бірінші орын алды

77
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YxuuR6SAJpCRaMTj7LWIjeZmiFWsCWAOeXNwiX77.jpg

ARMAN-PV баспасынан жарық көрген Қымбат Қараеваның «Көшпенділер ойындары» кітабы Минск қаласында өткен XXIII «Искусство книги – 2026» халықаралық байқауында бірінші орын иеленді. Басылым «Моя страна» номинациясы бойынша үздік деп танылды.

Отандық кітаптардың халықаралық кеңістікте танылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы мен кітап саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысы айрықша ықпал етіп отыр. Қазақстандық басылымдарды халықаралық алаңдарда таныстыру ісіне министрлік жүйесіндегі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы да белсенді атсалысып келеді.

«Көшпенділер ойындары» кітабы қазақ халқының дәстүрлі ойындарын, олардың тарихи негізін, мәдени мазмұны мен тәрбиелік мәнін кеңінен таныстыруға арналған. Басылым ұлттық мұраны заманауи кітап форматы арқылы жаңа буын оқырманына жеткізуді мақсат етеді.

Қазақстан аталған байқауда жоғары нәтиже көрсетті. Отандық басылымдар жалпы тоғыз жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде екі кітап бірінші, төрт басылым екінші, үш кітап үшінші орын иеленді.

Бірінші орын алған тағы бір қазақстандық еңбек — Кенжехан Матыжановтың «Абай» үш томдығы. Басылым «Наука и образование» номинациясында үздік деп танылды.

Екінші орын Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары», Нелли Бубэнің «Амандос Ақанаевтың ғаламы. Суретшілер әулеті», Кәдірбек Сегізбайұлының «Қазақы дастархан» және Айдархан Жадыковтың «Герои-Казахстанцы. Краткий библиографический справочник» кітаптарына бұйырды.

Үшінші орын Марат Әзілхановтың «Ветераны Ассамблеи народа Казахстана», Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» және Баянғали Әлімжановтың «Абылай хан мен батырлар» еңбектеріне берілді.

Сонымен қатар Гүлмира Амандықованың «Абай Құнанбайұлының қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» кітабы номинант дипломымен марапатталды. Ә. Дүзелхановтың «Момунбай и семеро разбойников. По мотивам казахской народной сказки», Максим Зверевтің «Золотой сайгак» және Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндағы көкжал» кітаптары арнайы дипломдарға ие болды.

Жалпы Қазақстан XXIII «Искусство книги – 2026» халықаралық байқауының негізгі номинацияларына 10 кітап, арнайы дипломдарға үш басылым ұсынды.

«Көшпенділер ойындары» кітабының халықаралық деңгейде жоғары бағалануы ұлттық мәдени мұраны сапалы баспа өнімі арқылы әлемдік оқырманға танытудың маңызды нәтижелерінің бірі болды.

Yorumlar
Diğer Haberler