Қазақстанда тарихи ескерткіштердің мазмұндық және мағыналық сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс қолға алынбақ. Бұл туралы 5 қыркүйекте танымал мүсіншілермен кездескен вице-президент Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Оның айтуынша, бұған дейін ескерткіштерді орнату тәртібін реттеуге басымдық берілсе, енді олардың қоғамдық және ұлттық мағынасына көбірек көңіл бөлінеді.
Қариннің пікірінше, елімізде орнатылып жатқан ескерткіштер ұлттық бірегейлікті нығайтып, қоғамға ортақ құндылықтарды дәріптеуі тиіс.
«Алдағы уақытта тарихи жадты сақтау мәселелерімен жүйелі түрде айналысатын боламыз. Осыған дейін ескерткіштерді орнатуды реттеп, тәртіпке келтірдік. Енді олардың мағыналық, мазмұндық сапасына қатысты жұмысты бастаймыз. Өйткені, барлығына ортақ бір ұстаным керек. Өңірлерде ашылған ескерткіштерден жершілдік пен қоғамдағы тағы да басқа бір кеселдердің белгілері байқалады. Шын мәнінде, қандай да бір ескерткіш, мүсін немесе шағын сәулет формасы болсын белгілі бір деңгейде ұлттық бірегейлікті дамытуға, ортақ қоғамдық құндылықтарды орнықтыруға қызмет етуі керек», – деді вице-президент.
Ол бұл бағыттағы кемшіліктерді түзету жұмыстары жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
Сонымен қатар Ерлан Қарин ескерткіш өнерін дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салған. Тараптар осы бағытта бірнеше жаңа жоба бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.
