Фото: Reuters
АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс қайта өршіді. Вашингтон Иран аумағындағы нысандарға жаңа соққылар жасағаннан кейін, Тегеран аймақтағы америкалық әскери нысандарға зымырандар мен дрондар арқылы жауап берді. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
«Соққылар Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) Ормуз бұғазындағы азаматтық кемелерге және аймақта орналасқан америкалық әскери қызметшілерге шабуыл жасауға жасаған соңғы әрекеттерінен кейін жасалды», — делінген Орталық қолбасшылықтың X әлеуметтік желісіндегі жазбасында.
Ал Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамы АҚШ-тың зымырандық соққысы салдарынан төрт адам, оның ішінде бір бала қаза тапқанын хабарлады. Соққының сынықтары Иранның оңтүстігіндегі Сирик қаласындағы тұрғын үйге тиген. Сол уақытта ғимаратта той өтіп жатқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social желісінде америкалық соққылардың Иранның Ормуз шығанағына жаңа миналар қоюға және Иорданиядағы америкалық базаға сегіз зымыранмен шабуыл жасауға әрекеттенуіне жауап ретінде жасалғанын жазды. Трамптың мәлімдеуінше, екі әрекет те сәтсіз аяқталған.
Егер Иран бұл жолы да жауап беруге шешім қабылдаса, Дональд Трамп жаңа соққылар жасалатынын және олардың «әлдеқайда күшті әрі жоғары деңгейде» болатынын мәлімдеді.
Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ-тың бұл жаңа соққыларына өкінетінін мәлімдеді. Ал Иранның ақпарат агенттіктері аймақтағы америкалық базаларға зымырандар мен дрондар арқылы жауап шабуылдары басталып кеткенін хабарлады.
Осы аптаның басында АҚШ шілде айынан бері алғаш рет Иран аумағындағы нысандарға соққы жасаған болатын. Атап айтқанда, Ормуз бұғазындағы Ларак аралындағы екі зымыран қондырғысы нысанаға алынды. Бұған жауап ретінде Иран Иорданиядағы әскери-әуе базаларына зымырандармен шабуыл жасап, Біріккен Араб Әмірліктеріне бір дрон ұшырды.
Иранның жергілікті билік өкілдері АҚШ әскерилері елдің оңтүстігіндегі Оман шығанағы жағалауында орналасқан Чабахар және Конарак порттары маңындағы аудандарға, кемінде, төрт зымыранмен соққы жасағанын хабарлады.
Сонымен қатар Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасы елдің оңтүстігіндегі Джирофт қаласының әуежайына америкалық соққы жасалғанын хабарлады.
Ал жартылай ресми Tasnim агенттігі Кешм аралында, сондай-ақ Конарак пен Бендер-Аббас порттарында бірнеше жарылыс болғанын жазды.
