42 мың теңгелік жез. Құрылтай депутаттарына төсбелгі табысталды

230
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nAqCwAnnDudv3CjPT5iAm76UMPtw5bWmnff9fUpf.jpg

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттарын ресми тіркеді, деп хабарлайды "Адырна".  

Депутаттарға куәліктері мен төсбелгілері табысталды.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес, депутаттың өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясы тіркеген сәттен бастап басталады.

ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәліметінше, комиссия бес саяси партиядан сайланған 145 Құрылтай депутатын тіркеу туралы қаулылар жобасын әзірлеген.

«Депутаттық мандат – халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі. Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға мемлекет пен халық алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді Нұрлан Әбдіров.

Сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайға бес саяси партия өтті. Мандаттар төмендегідей бөлінді:

* «Әділет» партиясы – 110 мандат;
* Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8 мандат;
* «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 10 мандат;
* «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 8 мандат;
* Respublica партиясы – 9 мандат.

Отырыс соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.

Бұған дейін депутаттардың төсбелгісі алтын емес, жезден жасалатыны айтылған еді. Оның құны - 42 мың теңге. Бұрынғы қоспалаталы Парламенттің депутаттардың төсбелгілері 375 сынамалы алтыннан жасалған еді. Ондай бір төсбелгінің бағасы 313 600 теңге болған.

Yorumlar
Diğer Haberler