Арменияның бұрынғы президентіне елден шығуға тыйым салынды

242
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gr8CowhvmggY86zReSIpEnDLCpTFZIY0b9KZu7qD.webp

Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы соты елдің бұрынғы президенті Серж Саргсянға қатысты бұлтартпас шара ретінде елден шықпау туралы қолхат берді. Саргсян аса ірі көлемде ақша жылыстату, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінген іс бойынша фигурант болып отыр. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Армения Республикасының үшінші президенті Серж Саргсянға қатысты алдын алу шарасы ретінде елден шығуға тыйым салынды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство 25 тамызда қылмыстық іс аясында ұсталған алты адамның төртеуіне, оның ішінде бұрынғы президент Роберт Кочарянның ұлына қамауға алу түріндегі бұлтартпас шара қолданылғанын хабарлады. Тағы бір фигурант үйқамаққа жіберілген.

Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы соты 26 тамызға қараған түні Кочарянның үлкен ұлы Седрак Кочарянды екі айға қамауға алу туралы шешім қабылдаған. Адвокат Александр Кочубаевтың айтуынша, Седрак Кочарянға келушілермен кездесуге шектеу қойылып, оған тек әйелі мен балаларының баруына рұқсат етілген. Ол «Ереван-Кентрон» қылмыстық-атқару мекемесіне жеткізілген. Бұл мекеме халық арасында Армения Ұлттық қауіпсіздік қызметінің «жертөлелері» деген атаумен белгілі.

Роберт Кочарянға қатысты бұлтартпас шара дәрігерлер оны сотқа жеткізуге рұқсат бергеннен кейін таңдалады. Бұдан шамамен екі апта бұрын Кочарян жүрегіне ота жасатқан. Ал 25 тамызда ұсталғаннан кейін оның денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызылған еді.

25 тамызда Арменияның Бас прокуратурасы бұрынғы президент Роберт Кочарянға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, аса ірі көлемде пара алу және ақша жылыстату айыптары тағылып отыр. Бұл іс бойынша Кочарян президент болған кезеңде Қорғаныс министрі қызметін атқарған Серж Саргсян да фигурант ретінде өтуде.

Сол күні Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеті Роберт Кочарян мен оның отбасы мүшелеріне тиесілі бірнеше ондаған мекенжайда тінту және басқа да тергеу әрекеттері жүргізілгенін хабарлаған.

Yorumlar
Diğer Haberler