Қазақстан зауыты Ресей мұнайын өңдейді

85
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4DuNC9gLvRBFxjPPAyw905ekeAIZWQ7B4SOND6WD.jpg

Энергетика министрі үкіметтегі брифингте Ресейдегі жанар-жағармай тапшылығын шешуге Қазақстандағы «Конденсат» шағын мұнай өңдеу зауытының қатысатынын айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Министрдің сөзінше, Батыс Қазақстандағы кәсіпорын Ресей мұнайын өңдеп, өндірілген жанармайдың 70 пайызын Ресейге экспорттайды. Қалған 30 пайызы Қазақстанның ішкі нарығында қалады.

«Зауыт Ресейге жақын орналасқан. Оны Қазақстанның немесе Ресейдің магистральдық құбыр жүйесімен байланыстыратын құбыр жоқ. Мұнай теміржол арқылы жеткізіледі. Егер қателеспесем, компанияның 50 пайызы ресейлік компанияға тиесілі», – деді Ерлан Ақкенженов.

Оның айтуынша, Қазақстанның энергетика министрлігіне Ресей тарапынан зауытты ресейлік мұнаймен қамтамасыз ету жөнінде ресми хат келген. Министр бұл келісімге кедергі жоқ екенін атап өтті.

«Өндірілген бензин мен дизель отынының 30 пайызы Қазақстанда қалады, қалғаны Ресейге шығарылады. Санкциялық тәуекелдер жоқ, себебі бұл компания санкциялық тізімге енгізілмеген», – деді министр.

Зауыттың нақты қашан және қандай көлемде өнім өндіре бастайтыны әзірге белгісіз. Бұл теміржол көлігінің өткізу қабілетіне байланысты болады.

Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, келісім бойынша Қазақстанда сұранысқа ие мұнай өнімдерінің 30 пайызына дейін қалуы тиіс. Министр бұл келісімнің ел экономикасы үшін бірқатар артықшылығы барын атап өтті.

«Мен үшін энергетика министрі ретінде ең маңыздысы – сапалы мұнай өнімдерін өндіру, ішкі нарықты қамтамасыз ету және жұмыс орындарын сақтау», – деп қорытындылады Ерлан Ақкенженов.

Yorumlar
Diğer Haberler