Жас химик. Халықаралық олимпиада жеңімпазы жетістігінің құпиясын айтты

913
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dzao3SvnLgf48SyyITEETMdDcsXoOmNbQPT01TL1.jpg

Айзере Жеңісханова республикалық және халықаралық білім додаларында бірнеше рет жүлдеге ие болып, биыл Ташкентте өткен Халықаралық химия олимпиадасының (IChO) алтын медаль иегері атанды. 24 тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен жас олимпиадашы «Адырна» тілшісіне Ақордадағы ерекше сәті мен жетістікке жету жолы туралы айтып берді.

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Солардың қатарында Шығыс Қазақстан облысындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Айзере Жеңісханова да бар.

Жас дарын Ақордадағы жүздеау өміріндегі ең ерекше оқиғалардың біріне айналғанын жеткізді.

«Шынымды айтсам, бастапқыда Ақордаға барып, президентпен кездесемін деп ойлаған жоқпын. Менің басты мақсатым – олимпиадада жақсы нәтиже көрсету болатын. Ал Ақордаға шақыру алып, сөз сөйлейтінімді білгенімде қатты қуандым әрі аздап қобалжыдым. Президент резиденциясын ішінен көргенде қатты таңғалдым. Осындай бақыттың маған бұйырғанына қуаныштымын», - дейді ол.



Айзеренің ғылым жолындағы жетістіктері ерте жастан басталған. Ол 8 сыныптан бастап химия пәніне ерекше қызығушылық танытқан. 2023 жылы республикалық юниорлар олимпиадасында күміс жүлдегер атанған. Кейінгі жылдары республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін алтын жүлдегері болған. Сондай-ақ Румынияда өткен IJSO олимпиадасының күміс жүлдесін, Бразилияда болған халықаралық Менделеев олимпиадасының қола медалін, ал 2026 жылы Мәскеуде өткен Менделеев олимпиадасының күміс медалін және Ташкенттегі Халықаралық химия олимпиадасының алтын медалін иеленген.



Жас химик өзінің әрбір жетістігінің артында ата-анасы мен ұстаздарының еңбегі тұрғанын ерекше атап өтті.

«Ата-анам маған әрқашан сенім артты. Жеңіліс болған сәттерде де қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырды. Ал ұстаздарым пәнге деген қызығушылығымды арттырып, олимпиадалық есептерді талдауға көп күш салды. Менің жеңісімнің артында ұстаздарымның еңбегі мен ата-анамның сенімі бар», -дейді Айзере.
 
Айтуынша, халықаралық олимпиадаға дейінгі жол бірнеше жылға созылатын күрделі дайындық кезеңінен тұрады.

«Халықаралық олимпиадаға өту және оған дайындалу – бірнеше қадамнан тұратын жүйе. Оның бәрі шамамен 7–8-сыныптардан басталады. Менің ойымша, теориялық ақпаратты меңгеру практикалық бөлімнен әлдеқайда қиынырақ болды. Сондықтан олимпиадаға дайындық барысында бас назарымды теорияға қоямын. Қазақстанда олимпиадалық қозғалыстағы бәсекелестік өте жоғары. Жарыс кезінде қобалжуды жеңуге команда ішіндегі тимбилдинг шаралары мен тәлімгерлердің қолдауы көп көмектеседі»,- дейді ол.

Айзеренің пікірінше, олимпиадалардағы ең үлкен қиындық – тапсырмаларды алдын ала болжаудың мүмкін еместігі.

«Олимпиадада қандай тақырыптар мен есептердің келетінін нақты біле алмайсың. Себебі формат пен тақырыптар жыл сайын өзгеріп отырады. Дәстүрлі түрде Қытай, АҚШ және Ресей құрамалары мықты бәсекелестік көрсетеді. Соңғы жылдары Өзбекстан құрамасы да жоғары нәтиже көрсетіп келеді»,- дейді олимпиадашы.

Жас дарын болашағын ғылыммен байланыстырып отыр.

«Осы ғылым саласымен айналысқым келеді. Әсіресе, бүгінгі экологиялық мәселелерді шешуге өз үлесімді қосамын деп үміттенемін. Болашақта химия саласы бойынша оқуымды Гонконгта, АҚШ-та немесе Қазақстанда жалғастырмақ ойым бар», - дейді ол.



Айзере Жеңісханованың жетістіктері – табандылықтың, жүйелі дайындықтың және білімге деген құштарлықтың нәтижесі. Ақорда төрінде сөз сөйлеген жас дарын бүгінде Қазақстанның ғана емес, халықаралық ғылыми олимпиадалардағы үздік оқушылардың қатарына қосылып отыр.

Еске салайық, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылармен және студенттермен кездескен еді. Салтанатты іс-шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты.

Әңгімелескен Диана Асан

Yorumlar
Diğer Haberler