Маусымдық жұмысқа орналасқандар нені білуі керек – еңбек инспекциясы түсіндірді

126
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/tHa4VzSYRzxnM6490EFZbbB3iA8DjdtwjhIu76e1.jpg

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде маусымдық жұмыскерлермен еңбек қатынастарының бірқатар ерекшеліктері белгіленген. Бұл туралы маусымдық және уақытша жұмыскерлердің еңбек құқықтарына арналған брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев айтты.

Оның айтуынша, климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір кезеңде орындалатын, бірақ бір жылдан аспайтын жұмыстар маусымдық жұмыстар болып саналады. Еңбек шартында жұмыстың маусымдық сипаты мен оны орындау мерзімі міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

Мұндай жұмыскерлер үшін маңызды кепілдіктердің бірі – сынақ мерзімінің белгіленбейтіндігі. Сонымен қатар жұмыс беруші заңда көзделген жекелеген жағдайларда, оның ішінде өндірістік себептерге байланысты жұмыстың екі аптадан астам уақытқа тоқтатылуы немесе жұмыскердің ұзақ уақыт бойы уақытша еңбекке жарамсыз болуы жағдайында еңбек шартын бұза алады.

«Маусымдық жұмыскердің де еңбек шартын өз бастамасымен бұзуға құқығы бар. Ол үшін жұмыс берушіге жеті күнтізбелік күн бұрын жазбаша түрде хабарлау қажет», – деді Уақыт Бейсембаев.

Еңбек шартын жекелеген негіздер бойынша бұзған кезде жұмыс беруші де жұмыскерді жеті күнтізбелік күн бұрын жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.

Осылайша, маусымдық жұмыстың өзіндік ерекшеліктері болғанымен, жұмыскерлер негізгі еңбек кепілдіктерін сақтайды. Ал еңбек шартын жасасу және тоқтату тәртібі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес болуы тиіс.

Yorumlar
Diğer Haberler