Орбанмен текетірескен бұрынғы судья Мажарстан президенті атанды

202
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4idavqZ0Lm1tiKKPJY1rizSgj2gD5SDRhwdqAmEP.jpg

11 тамызда Мажарстан депутаттары  бұрынғы премьер-министр Виктор Орбанның тұсында қызметінен босатылған Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Андраш Баканы елдің жаңа президенті етіп сайлады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұл қызмет шілде айында босап қалған еді. Себебі елдің жаңа премьер-министрі Петер Мадьяр Орбанның жақтасы болған бұрынғы президентті қызметінен кетірген болатын.

Баканың кандидатурасын 140 депутат қолдап дауыс берсе, алтауы қарсы шыққан. Қалыс қалғандар болмаған.

Ол қызметіне 19 тамызда кіріспек. Оған дейін президент міндетін парламент спикері Агнеш Форстхоффер атқарады.

73 жастағы Андраш Бака — белгілі заңгер-ғалым. 1991 жылы ол Страсбургтегі Еуропалық адам құқықтары сотының алғашқы мажар судьясы атанып, бұл қызметте 17 жыл еңбек еткен. Оның ішінде он жыл бойы сот бөлімшесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

2009 жылы Мажарстан парламенті Баканы алты жыл мерзімге Жоғарғы сот төрағасы етіп сайлаған. Алайда осы қызметте жүргенде ол экс-премьер Виктор Орбан үкіметімен ашық текетіреске түсіп, соның салдарынан өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Кейін Бака Еуропалық адам құқықтары сотына шағым түсіріп, сот Мажарстан билігі оның құқықтарын бұзғанын мойындап, шамамен 100 мың еуро өтемақы төлеуге міндеттеген. Алайда билік бұл шешіммен келіскен жоқ.

Одан кейін Бака Жоғарғы соттың орнына құрылған Мажарстан Куриясының судьясы болып қалып, 2020 жылы зейнетке шыққанға дейін оның сот алқасын басқарған.

Шілде айында премьер-министр Петер Мадьяр мемлекет басшысы лауазымына атақты шахматшы Юдит Полгардың кандидатурасын ұсынған болатын. Оның айтуынша, Мажарстанға республика азаматтарының барлығын біріктіре алатын тәуелсіз президент қажет.

Мадьяр гроссмейстердің кандидатурасын елдің беделді қоғам қайраткерлері ұсынғанын айтты. Алайда Юдит Полгар бұл ұсыныстан бас тартып, бөлінген ұлтты біріктіру жауапкершілігін мойнына алуға күш-жігері жеткіліксіз екенін мәлімдеді.

Бұрынғы президент Тамаш Шуйоктың өкілеттігі Конституцияға енгізілген 17-түзетуді импичмент қаупі жағдайында мақұлдағаннан кейін тоқтатылған еді. Шуйоктың өзі бұл өзгерістерге қарсы болып, олардың президент институтының атқарушы билікке тәуелділігін күшейтетінін ескерткен еді.

Yorumlar
Diğer Haberler