Түркия парламенті бір кездегі содырларға рақымшылық заңын мақұлдады

238
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HaLGx1xj1Sxzub8tATJsUYJFHKP4Jinr48qs5n5p.webp

Түркия парламенті тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының бұрынғы мүшелерінің бейбіт өмірге оралуына мүмкіндік беретін шартты рақымшылық туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

DW мәліметінше, заң жобасын 468 депутат қолдаса, 88 депутат қарсы дауыс берген. Ал алты депутат қалыс қалған. Құжатқа сәйкес, КЖП мүшелерінің бірқатар қылмыстары бойынша қылмыстық қудалау мен жазаны орындау бес жылдан он жылға дейін тоқтатылуы мүмкін. Егер осы кезеңде жаңа қылмыс жасалмаса, тиісті істер тоқтатылып, жаза өтелген болып есептеледі.

Алайда ауыр қылмыс, соның ішінде адам өлтіруге қатысы бар тұлғалар бұл тетіктің қолданылу аясынан шығарылады.

Түркия депутаттарының мәліметінше, алғашқы кезеңде ел түрмелерінде отырған КЖП-ның шамамен 10 мың бұрынғы жақтаушысының 3500-ге жуығы босатылуы мүмкін. Заң нормалары бірден күшіне енбейді. Оларды қолдану үшін қауіпсіздік органдары КЖП мен онымен байланысты қарулы құрылымдардың таратылғанын және қарудың тапсырылғанын растауы қажет. Бұл қорытынды Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауынан өтіп, ресми басылымда жариялануы тиіс.

Қабылданған заңда КЖП негізін қалаушы Абдуллах Оджаланның жағдайына қатысты арнайы ереже қарастырылмаған. Ол 27 жылдан бері түрмеде жазасын өтеп келеді. КЖП өкілдері Оджалан босатылмайынша, заңдағы бірқатар шараның күтілген нәтижеге жеткізбейтінін мәлімдеді.

Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның әкімшілігі заңды «терроризмсіз Түркия» идеясын қолдайтын маңызды белгі деп бағалады. Билік бұл қадам елдегі бейбітшілік пен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. КЖП-ның Түркия мемлекетіне қарсы қарулы күресі 1984 жылы басталған. Қақтығыстар барысында ондаған мың адам қаза тапқан. 2025 жылдың ақпанында Абдуллах Оджалан ұйымды қаруын тастап, өзін-өзі таратуға шақырған.

Кейін КЖП басшылығы ұйымды тарату және қарулы күресті тоқтату туралы шешім қабылдады. 2025 жылдың шілдесінде ұйымның қарусыздану процесі басталып, кейін қарулы құрылымдарын Түркия аумағынан шығару туралы мәлімдеме жасалды.

Yorumlar
Diğer Haberler