Абайдың қара сөздерімен сырласқан кеш

127
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6GErKO8cOrVvUHVSJ6NJVDo7dvs7mDYoW8pJ5HB9.jpg

Көкшетаудың көкмайса төсінде, руханияттың алтын діңгегіне айналған Абай мұрасын арқау еткен тағылымды басқосу өтті. «Қоғамдық келісім» КММ алаңында ұйымдастырылған «Қара сөздерге саяхат» атты әдеби-музыкалық кеш – ұлттың жан дүниесін жаңғыртқан, ой мен жүректі тоғыстырған мазмұнды рухани сәттердің бірі болды.

Бұл кештің өзегінде – Абай. Оның қара сөздері. Оның мәңгілік мұраты. Қазақтың кешегісі мен бүгіні, болашағы туралы толғанысы. Хәкімнің әрбір сөзі – уақыттың тезінен өткен, ұлттың санасына сіңген асыл қазына екені тағы бір мәрте айқын сезілді.

Кеш тізгінін ұстаған дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хәсенов әуелгі сөзден-ақ Абай әлеміне жетелеп, көрерменді ойлы сапарға шақырды.

«Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың рухани темірқазығы. Оның қара сөздері – әрбір қазақтың жүрегіне жол табатын өмірлік бағдар. Біз Абайды оқу арқылы өзімізді танимыз, ұлт ретінде кемелденеміз», – деді ол.

Шарада айтылған әрбір пікір, оқылған әрбір өлең – ұлы ойшылдың рухымен үндесіп жатты.

Қоғам қайраткері, ақын әрі композитор Көшек Сәменов мазмұнды баяндамасы кештің салмағын арттыра түсті. Ол Абайдың қара сөздерін ұлттың рухани темірқазығы ретінде бағалап, олардың бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін терең пайыммен жеткізді. Шын мәнінде, Абай сөзі – тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі күннің де айнасы.

Кеш барысында Абай өлеңдері әртүрлі үнмен, әртүрлі жүрекпен жаңғырып отырды. Қазақ руханиятының жауһары саналатын «Көзімнің қарасы» мен «Желсіз түнде жарық ай» секілді туындылар көрермен көңілін тербеп, өнер мен сөздің үндестігін айқын көрсетті. Бұл – Абай мұрасының ұлт пен ұлысты біріктіретін рухани көпірге айналғанының белгісі.

Көкшетау қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Айнагүл Жәзиева Абай мұрасын ұрпақ тәрбиесінің өзегі ретінде қарастырып, ұлт болашағының рухани негізі осы құндылықтарда жатқанын атап өтті. Ал Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Болат Зәкенов ғылым мен еңбекті ту еткен қоғам ғана Абай аңсаған биікке жете алатынын салмақты оймен жеткізді.

Кештің бір ерекшелігі – еркін ой алаңының қалыптасуы. Қатысушылар Абайға, оның сөзіне деген өз көзқарастарын білдіріп, пікір алмасу арқылы рухани сұхбатқа жол ашты. Бұл – тек тыңдау емес, ой бөлісу, толғану, өзін тану сәті болды.

Әдеби-музыкалық кештің өн бойында сезілген басты құндылық – бірлік. Рухани бірлік. Таным мен тағылымның бірлігі. Абай сөзіне тоқтаған жұрттың жүрегінде ұлтқа деген жауапкершілік, болашаққа деген сенім айқын аңғарылды.

Осындай мазмұнды кештер – қоғамның рухани тамырын тереңдетіп, ұлттық сананы жаңғыртудың нақты көрінісі. Абаймен сырласу – өзіңмен сырласу. Ал өзімен тілдесе алған қоғам ғана кемелдікке қадам басады.

Yorumlar
Diğer Haberler