АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейді. Тараптар бір-біріне соққы жасауда

121
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/A53xfWikEwG9bC4Mg3zpAShdCylMog4LCFoPNW6m.jpg

АҚШ әскери күштері Ирандағы бірқатар әскери нысанға тағы да әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді. Америкалық тарап бұл әрекетті Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан коммерциялық кемеге жасалған шабуылға жауап ретінде түсіндірді. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

АҚШ Орталық қолбасшылығының (Centcom) мәліметінше, Кипр туы астында жүзген кеме Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) шабуылына ұшыраған. Пентагонның хабарлауынша, кеме қозғалтқышы зақымданып, жүзуін жалғастыра алмаған. Экипаж мүшелерінің бірі із-түзсіз жоғалған.

Өз кезегінде Иран тарапы кеме транспондерін өшіріп, теңіз қатынасына қауіп төндіргенін алға тартты. КСИР мәлімдеуінше, кеме ескерту ретінде оқ атылғаннан кейін тоқтатылған.

Оқиғадан кейін КСИР Ормуз бұғазын арнайы хабарламаға дейін жабатынын жариялап, АҚШ аймақтағы араласуын тоқтатпайынша бұл шешім өзгермейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар Иран АҚШ-тың әскери әрекеттеріне қатаң жауап беретінін ескертті.

АҚШ соққыларынан кейін Иран аймақтағы америкалық одақтастарға бағытталған шабуылдарын қайта бастады. Иран әскері Катар, Кувейт, Иордания және Бахрейндегі АҚШ әскери базаларына соққы жасағанын хабарлады. Сонымен бірге Оман портындағы америкалық күштер пайдаланған нысандарға да шабуыл жасалғаны айтылды.

Centcom мәліметінше, АҚШ-тың соңғы операциясы барысында Ирандағы шамамен 140 әскери нысанаға соққы жасалған. Олардың қатарында зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттары бағдарламасына қатысты объектілер, әскери-теңіз инфрақұрылымы, оқ-дәрі қоймалары, байланыс жүйелері мен жағалаудағы бақылау бекеттері бар.

Иран билігінің мәліметінше, осы аптада жасалған АҚШ соққылары салдарынан 17 адам қаза тауып, 115 адам жараланған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы бітімнің күшін жойғанын мәлімдеді. Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-ты келісім талаптарын бұзды деп айыптады. Соған қарамастан америкалық тарап Иранмен келіссөздерді жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ.

Сонымен қатар Иранның жаңадан тағайындалған Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи алғашқы үндеуінде әкесі Әли Хаменеидің өлімі үшін кек алуға уәде берді.

Yorumlar
Diğer Haberler