Қудаланған жазушы Еуропаның беделді марапатына ие болды

121
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/780x6FuMNxoguBhAD5K88q2lM0tGOn3D5QhvDyyj.webp

Фото: PLAMEN PRESS

Әзербайжанның көрнекті жазушысы Акрам Айлисли Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) 2026 жылғы әдеби сыйлығына ие болды. Жазушы бұл марапатты кеңес дәуірінде жазылған, алайда ағылшын тіліне жақында ғана аударылып жарық көрген «Адамдар мен ағаштар» трилогиясы үшін алды. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Биылғы байқаудың финалында үш автор бақ сынады. Олардың қатарында поляк фантаст-жазушысы Яцек Дукайдың «Мұз» романы мен мысырлық қаламгер Шади Льюистің «Гринвич сызығында» атты шығармасы болды. Қазылар алқасы жеңісті Акрам Айлислидің еңбегіне лайық деп таныды.

«Адамдар мен ағаштар» трилогиясы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кеңестік Әзербайжанның таулы ауылындағы өмірді баланың көзімен баяндайды. Шығармада ер азаматтардың майданға аттануынан кейінгі ауыл тұрмысы, әйелдердің ауыр еңбегі мен соғыс кезеңіндегі адамдардың тағдыры шынайы суреттеледі.

Қазылар алқасының төрайымы Майя Ягги шығарманың көркемдік ерекшелігін жоғары бағалап, Кэтрин Е. Янгтың ағылшын тіліндегі аудармасы кітаптың атмосферасын, кейіпкерлер әлемін және балалық шақтың әсерлі көріністерін шебер жеткізгенін атап өтті.

Аудармашы Кэтрин Е. Янгтың айтуынша, шығармада соғыс, аштық, экологиялық мәселелер және тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты күрделі тақырыптар қозғалғанымен, автордың прозасы үміт пен адамгершілікке толы. Оның пікірінше, шығарманы аудару үлкен шығармашылық тәжірибе болған.

Акрам Айлислидің тәуелсіз Әзербайжан кезеңіндегі тағдыры күрделі өрбіді. 2012 жылы жарық көрген «Тас түстер» («Каменные сны») шығармасынан кейін жазушы мемлекеттік марапаттарынан айырылып, қоғам тарапынан қатты сынға ұшыраған еді. Оның кітаптары өртеліп, өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта 88 жастағы қаламгер Бакуде іс жүзінде үйқамақ жағдайында өмір сүріп жатыр.

2025 жылдың ақпанында аудармашы Кэтрин Е. Янг пен Кавказ мәселелері бойынша сарапшы Том де Ваал жазушымен кездескен. Айлисли бұл марапаттың өзі үшін күтпеген қуаныш болғанын айтып, оны әзербайжан әдебиетінің халықаралық деңгейде мойындалуының белгісі деп бағалады.

ЕҚДБ әдеби сыйлығының жалпы жүлде қоры – 20 мың еуро. Бұл қаражат автор мен аудармашы арасында тең бөлінеді. Финалға шыққан өзге авторлар мен олардың аудармашыларына 2 мың еуродан беріледі.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің әдеби сыйлығы 2018 жылдан бері табысталып келеді. Ол банк инвестиция салатын елдердің ана тілінде жазылып, соңғы бір жыл ішінде ағылшын тілінде жарық көрген үздік әдеби шығармаларды марапаттауға арналған.

Yorumlar
Diğer Haberler