ҰҚК Жақсылық Омарға қатысты істің мән-жайын айтты

744
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Jr9zQ2DQNfOyjjwztyjeeKFde7LhLVZ5aKSoSvVR.webp

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істің мән-жайын жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Шенеуніктің кінәсін мойындағаны туралы мәліметтер ведомство түсірген деректі фильмде айтылды. ҰҚК мәліметінше, 2025 жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері Жақсылық Омардың қарамағындағы қызметкерлер мен ведомстволық ұйымдардан жүйелі түрде ақша бопсалағаны туралы ақпарат алған. Ол қарамағындағыларға қызметтік өсуге ықпал етемін деп уәде берген, ал бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарамын немесе лауазымын төмендетемін деп қорқытқан.

2026 жылдың 4 ақпанында  Омардың қаражат алу схемасын құжаттау және түсіну үшін қаражаттың бір бөлігі тапсырылған.

Комитет шенеуніктің Өскемендегі жеке үйінде жүргізілген тінтудің кадрларын көрсетті. Ведомство мәліметінше, тінту барысында ақша қаражаты тәркіленген. Алғашқы жауап алу кезінде Жақсылық Омар өз кінәсін мойындаған.

Тергеу барысында Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша (алаяқтық) қосымша дерек анықталғаны да хабарланды. Нәтижесінде сот Жақсылық Омарды 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.

Айта кетейік, Жақсылық Омарға ірі көлемде алаяқтық жасау және ірі көлемде пара алу айыптары тағылған болатын. Сотта іс бойынша екі эпизод қаралды. Шенеунік өз кінәсін мойындап, айыппұл тағайындауды сұрағанымен, бірінші сатыдағы сот оны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін ол апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған. Оған дейін алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған.

Yorumlar
Diğer Haberler