Бейітке таласқан пенделердің ісіне нүкте қойылды

329
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ayacWybDEidjCKB84SBx0wiLUgfV5e9yKxN8ejFm.webp

Қарағанды облысында сот мәйітті эксгумациялауға дейін жеткен жерлеу орнына қатысты отбасылық дауды қарады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Талап қоюшының айтуынша, анасы 2024 жылғы қараша айында қайтыс болғаннан кейін оны «Құрылыс» зиратына жерлеген. Кейіннен болжамды жерлеу орнына іргетас, қоршау және басқа қайтыс болған адамның деректері жазылған құлпытас орнатылғаны анықталған. Талап қоюшының  мәлімдеуінше, аталған құрылыстарды жауапкер орнатқан және оларды өз еркімен бұзудан бас тартқан.

Осыған байланысты талап қоюшы соттан жауапкерді қоршау мен құлпытас тақтасын бұзуға міндеттеуді, сондай-ақ сот шығындарын өндіріп беруді сұраған.

Жауапкер талап арызды мойындамай, даулы жерлеу орны өзінің әпкесіне тиесілі екенін көрсеткен.

Сот-сараптамалық молекулалық-генетикалық зерттеу бойынша сарапшының қорытындысына сәйкес, жауапкер мен сүйек үлгісі зерттеуге ұсынылған жерленген әйелдің арасында биологиялық туыстық бары расталған. Алынған генетикалық деректер негізінде аталған әйелдің талап қоюшымен  биологиялық туыстығы жоқ екендігі анықталған.

Тараптар ұсынған дәлелдемелерді зерттей отырып, сот талап арызды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 72-бабы талаптарын бұза отырып, талапкер өз анасының дәл осы даулы зират учаскесіне жерленгенін нақты растайтын жарамды әрі сенімді дәлелдемелерді ұсынбаған.

«Осыған байланысты сот шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылды. Сонымен қатар істі қарау барысында сот Бұқар-Жырау ауданы Үштөбе ауылдық округі әкімінің аппараты қызметінде жерлеу қағидаларының сақталуын және жерлеу орындарын күтіп-ұстауды ұйымдастыруды бақылаудың тиісінше жүргізілмегені түріндегі заң бұзушылықтарды анықтады. Осыған байланысты сот анықталған заң бұзушылықтарды жою және олардың алдағы уақытта қайталануына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау үшін уәкілетті органның атына жеке ұйғарым шығарды»,– делінген хабарламада.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, талап қоюшының  шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.

Yorumlar
Diğer Haberler