Кегендегі полицей өлімі. Күдікті балалар үйқамаққа алынды

133
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Алматы облысында полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты күдікке ілінген кәмелетке толмаған жасөспірімдерге сот бұлтартпау шарасын таңдады. Кеген аудандық сотының шешімімен олар тергеу аяқталғанға дейін үйқамақта болады, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл туралы күдіктілердің адвокаттары Гаухар Сарыева мен Динара Шәмшекова мәлімдеді. Тергеу судьясы жасөспірімдерді тергеу изоляторына қамаудан бас тартып, үйқамақ шарасын қолданған. Алдағы уақытта оларға электронды білезік тағылып, тұрғылықты жеріне бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Сот отырысында қорғаушылар істің бірқатар мән-жайын ескеруді сұрады. Олардың айтуынша, күдікті жасөспірімдер ұзақ уақыт бойы отбасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездікке куә болған, тіпті өздері де сондай жағдайдың құрбаны болуы мүмкін. Адвокаттар бұл деректерді тергеу барысында жан-жақты тексеру қажет екенін айтты.

Еске салайық, 23 маусым күні Кеген ауданынан 37 жастағы полицияның аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің өртенген денесі табылған болатын. Қылмысқа күдікті ретінде марқұмның жұбайы, оның ұлы және тағы бір жасөспірім ұсталды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, адам өлтіру оқиғасы Алматы қаласындағы пәтерлердің бірінде болған. Кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында марқұмның денесі Кеген ауданына жеткізілген. Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Yorumlar
Diğer Haberler