Алымы көп, шалымы жоқ халық қалай күн көрер? Экономист пайымы

111
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DirwWDUJChQwKDMRZXMvPX89xMX6g1xjkVHaIX4A.jpg

Коллаж ЖИ көмегімен жасалған

Елдегі экономикалық көрсеткіштер, әлеуметтік ахуал, шетелге ағылған қазақ мигранттары, жат жұртқа тұрмысқа шығу, отбасылық әлеуметтік институт қалыптастырудың маңыздылығы, қала мен дала мәдениеті, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты проблемалар неге шешімін таппай келеді? Не істемек керек?

Осы сұрақтар төңірегінде Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті, білікті экономист әрі қаламгер Бекнұр Қисықовты әңгімеге тартқан едік.

«АРҚА ЖАЙЛЫ БОЛСА, АРҚАР АУЫП НЕСІ БАР»

– Әуелі мигранттар туралы сөз қозғасақ. Бұрын бізге келіп жұмыс істейтін. Қазір қазақ мигранттары шетелге ағылуда. Бұл ненің көрсеткіші?

– Әлбетте, Қазақстан экономикасы, АҚШ, Еуропа сияқты мықты емес қой. Мәселен, Англияға, Оңтүстік Кореяға жұмысқа барған қазақ азаматтары айына 1-1,5 млн теңге табады. Біреулер 2 млн таптық деп жатады. Бізде ондай жұмыс бар ма? Әрине, жоқ! Қарапайым ғана айталық, 1 млн теңге табу үшін курьер болып тоқтамай, бел жазбай 24/7 жұмыс істеу керек. Соның өзінде ондай ақша жиналуы екіталай.

Мойындауымыз керек, ел экономикамыз әлі даму үстінде.  Оның үстіне экономикамыз мұнай мен газға тікелей тәуелді. Кейбірі мұнайда істеп 600-700 мың теңге тапқанша, сыртқа кетіп 2-3 есе көп ақша тапқанды қалайды. Шындықты айту керек, жұмыстан көп жерде қысқарту болып жатыр. Қазір Қазақстанда қай жерге барсаң да 250 мың теңге төңірегінде айлық төленеді. Жуықта Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 900 мың теңге алатынын айтып қалды. Депутаттың өзіне сол ақша жетпейді. Басқадан не сұрайсыз?! Сіздің де, біздің де айлық-жалақы мардымды емес-ті. Жастар туризмді көріп, басқа елдерге саяхаттағысы келеді. Тіпті жұмыс істеу ниетімен сыртқа да кетіп жатқандығы сондықтан. Қазақ халқы «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деп бекер айтпаған.

Астана, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистер ғана қарқынды дамып келеді. Бірақ жастардың бәрін үш қала жұмыспен қамти алмайды ғой. Алып шаһарларға күш сала бергенше, өңірлерге серпіп берейік. Облыстық маңызы бар, Семей, Жезқазған, Ақтау сияқты қалаларды дамытайық. Солтүстік облыстарында жастар тұрмайтын да болды. Бұл арада жіті ойланып, шешім шығарайық. Сондықтан мигранттар мәселелерін дұрыстап қолға алған жөн.

ЖАСТАР ЖАТ ЖҰРТТАН ЖҰМАҚ ІЗДЕУГЕ МӘЖБҮР

– Қазақтың жастары шетелге оқуға, еңбек етуге барып, сол жақта тұрмыс құрып тұрақтап та қалуда. Ұлт үшін бұның салдары ауыр болмай ма?

– Біз шетелге кетемін десе, тұсау сала алмасымыз анық. Әркімнің өз шаруасы, кім қалай істесе, солай істер деп айта салу оңай. Әйткенмен бұл ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанда, ойланту керек. Егер жастардың біразы шетелге кетіп қалса, болашаққа кері әсерін тигізеді.

Бір жолы мектепте кездесуге бардым, оқушылармен тілдестім. 10-11 сынып оқушыларының бәрі шетелге оқуға түскісі келеді. Өйткені жас түлектер біздің жоғарғы білім жүйесіне сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚазҰУ сияқты іргелі ЖОО білім мен ғылым деңгейін нығайтпаса болмайды. Жоғарғы білім беру жүйесі, оқытушы-профессорлар деңгейіне көңіл толмайды. Соның үшін, университеттер мен ғылыми орталықтардағы мұғалімдердің жалақысын көтеріп, жағдай жасап, біліктілігін арттырып, сапалы кадр дайындайық.

Үлкен қалаларда студенттер, қазақ қаракөздеріміз жеткізуші болып, біреудің тауарын тасып жүреді. Көргенде жаның ашиды. Ол білім алып, біліктілігін арттыратын шақта, жұмысты да істеп, еңбек етуге мәжбүр. Сол себепті жастарға жұмысшы мамандықтарға да көңіл бөліп, жағдай жасап, үй-жай мен қамтамасыз еткен жөн.

Егер жастарды елдегі жұмысшы мамандықтарына қызықтырып, мысалы  гидротехник, мелиоратор, инженер сияқты техникалық мамандықтарға қызықтырсақ екен.  Бізде су мамандары тапшы. Кәсіби маман жетпейді. Сондай-ақ рухани байлықтан ада боп барамыз. Тек ойлайтынымыз ақша, пайда. Блогерлер тек әдемі өмірде көрсетіп әлек. Зәулім үйлер, қымбат бағалы көліктер жарнамалап әуре. Кітап оқу мәдениеті төмендеді. Сол себепті де рухани байлықты қоғамға насихаттауға пропаганда жетіспейді. Сол себепті де елмен байланысы аз, өз отанынан болашағын көрмейтін ұл-қыздар шетелдікке тұрмысқа шығады, үйленеді, әйтеуір сыртқа кетіп қалады. Бізде бай баласы сөйлейді, әкімнің баласы өседі, шенді-шекпендінің ұрпағы бастық болады. Осындай әділетсіздікті көріп біліп өскен жас өрендер елден күдерін үзіп, жат жұрттан жұмақ іздеп кетеді. Егерр әлеуметтік баспалдақ қалыптасса, қарапайым адамның баласы өсіп, дамып жетіліп, әкім, министр, депутат бола алатынына көзі жетеді. Қазір тамыр-таныстықтың зиянынан әр салада ақсау бар, жұмыс тоқырай береді. Егер әлеуметтік баспалдақ құрылса, патриотизм артар еді ғой.

ИММИГРАНТТАРҒА ШЕКТЕУ ҚОЮ КЕРЕК

– Жастар лег-легімен шетелге ағыла берсе, елге сырттан иммигранттар қаптаса, түбі не болмақ?

– Мен содан қорқамын. Туристер дейді, білім алады деп қытайлар, үндістандықтар қаптап кетті. Олар ертеңгі күні осында жер алып, тұрмыс жасап көбісі қалмасына кім кепіл?!. Қытайдың – 1,5 млрд, Үндістанның – 2 млрд халқы бар, сыймай отыр. Африкадан келетіндер де жетерлік. Олардың 10 миллиондық бір қаласы келсе, біттік қой. Ал Қазақстан төлқұжатын оңды солды таратып, саудаға салындбасына тағы кепілдік бар ма? Сенім жоқ қой! Нешетүрлі әрекеттерді кім бақылап, кім қарап жатыр, бұл да ұлттық мәселе.

Елдегі мемлекет құраушы ұлт қазақтың саны 75 %-ға енді ғана жетті. Біз жойылып кете жаздаған ұлтпыз. Ұлттың санын да, сапасын да күшейту парыз. Топырлап келген турист қайтадан өз еліне оралуы керек. Сырттан бізге келген мигранттар қара жұмыс істесе де, саны көп болмаса екен. «Яндекс», «Индрайвер» сияқты шетелдік компаниялар бізде жұмыс жасаса, шетелден мигранттар алуға тыйым салу қажет. Себебі біздің қаржы құр босқа шетелге кетіп қалады. Біз мұнда ай қарап отырған жоқпыз ғой. Біздің өз азаматтарымыз жұмыс істеп, бала-шаға асырауы керек. Келгендер үйіліп-төгіліп қалып кетпеуі тиіс. Ресеймен өзімізді салыстырмайық. Ресей ол – федерация. Жері кең, көптеген ұлт пен ұлыс сиып кетсе де, жарасады. Ал, Қазақстан – унитарлық мемлекет. Бұл біздің ата-бабаларымыздың мирас-қонысы. Ең әуелі өз қамымызды ойлап, өз азаматтарымыздың әлеуметтік мәселелерін жақсартайық.

ҚАНДАСТАРҒА ҚОЛДАУДЫ АРТТЫРАЙЫҚ

– Қандастар көші-қонын жандандыратын кез келді ме?

– Әрине, шетелден келетін қазақтарға жағдай жасау керек. Қандастар келсе, қуана құшақ жайып қарсы алайық. Азаматтық берейік. Әйткенмен бұл арада тағы бір мәселе бар. Мысалға Ауғанстанда хазарлар бар, Иранда да талай халықтар бар. Сондықтан да, егер қазақпын деп, қазақ тілін бойына сіңіріп, руға қосылып, ойы-жөні, сөзі түзу болса, рухани патриоттық сезімі жоғары болса қатарға қосуға болады деп ойлаймын. Бұл дегеніміз жалған, дақпырттықа салынып, түрі, тілі, ділі келіспейтін әркімді топырлату дегенді білдірмейді.

Отаным, елім, жерім деп келген қандастарға жағдай жасалса дейміз. Қазақ қандастар әуре-саосаңға түспей, құжаттық кедергілерге ұшырамай азаматтық алса екен. Қандастар солтүстік облыстарға барып қоныстануы үшін, баспанамен қамтып, әлеуметтік төлемдерін көбейтіп, жұмысқа орналастырып, кәсіп ашуына септесейік. Сонда ғана солтүстік өңірлерге жан бітеді,  гүлденеді.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРСА, ДЕМОГРАФИЯ КӨТЕРІЛЕДІ

– Егемендік алған кезде Қазақстан 16,5 млн, Өзбекстан 20,5 млн халқы болыпты. Содан бері бізге 4 млн, оларға 18 млн адам қосылыпты.  Демографиямызды қалай көтереміз?

– Көбінесе осы демографияны айтқанда Өзбекстанды айтып кетеміз. Қазақтар көп қырғын көрген халық. 1897 жылы Қазақстанның халқының саны – 4 млн болса, Өзбекстан бар болғаны – 2 млн болған. Ашаршылық, қуғын-сүргін кезінде халқымыздың біраз бөлігінен айрылдық, сыртқа тарыдай шашылды. Біршама қазақ, сол жақтарға қоныстанып, өзбек болып жазылған жағдайлары да бар.  Біздің халқымыз ХХ ғасырда небір зобалаңды көріп 1989-1990 жылдарға небәрі 36-37 пайыз төңірегінде жеттік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген өзге ұлттар өздерінің тарихи отанындарына кетті. Сондықтан тоқсаныншы жылдары қазақ отбасыларының көптеп балалы болып, дүниеге ұрпақты көптеп өрбіту нәтижесінде көбейдік. Тәубе! Одан сырттан қандастар келіп қосылды. Егемендіктің елең алаң шағында 7 млн көлемінде болсақ, бүгінде 15 млн-ға жуық мемлекет құраушы, қазақ ұлты қалыптасты. Мың да бір, шүкір, тәубе!

Біз де ауылда өстік. Отбасында 6 бала болдық. Ол кезде бұл онша көп бала саналмайтын. Ал біздің туысқандар да 10-12 баладан болды. Солардың арасында демография көтеріліп қалды. Қазір ондай максималды туу көрсеткіші болуы әй-қайдам ау! Қазір ең көп тапқаны сол 5-6 бала шығар. Өйткені ауылда жағдай мықты емес, жастар тұрмайды. Қазіргі кезде 30-32  жас шамасындағы үйленбеген жастар баршылық. Ол кезде ондай жоқ-тұғын. Бәрі экономикалық, психологиялық жағдайға тірелді. Батысқа еліктейміз деп, адасып кеттік. Әйел теңдігі, феминизм деп қазақтың отбасы құндылығын жоғалтып алмайық.  Қыз-жігіт болып махаббат  болып, шаңырақ көтеретідер көбейсе нұр үстіне нұр. Бастысы қалада жалғыз өзі тұрып, қоғамнан оқшауланатындар көбейіп кетпесе екен. Бұрынырақта 25 жаста 2-3 балалы болушы еді. Қазіргі біршамасы отбасын құруға асықпайды. Бүгінде жанұя құру оңай болмай барады. Ол жас жанұя қайда тұрады, қандай шаруамен айналысады, бала күтімі бәрі-бәрі ақшаға, әлеуметтік жағдайға тіреледі. Қымбатшылық халықты қысып жатыр. Қазір айлық әрі кетсе 300 мың теңге береді. Бұны отбасына, пәтерақы, коммуналдық қызметке, азық-түлікке бөлсе, түкке жетпейді ғой.

Жеке ойым, өңірді көтеру қажет. Мысалдар айтайық. Солтүстікте «Родина» деген шаруашылық өз ауылына жағдай жасап, жастарды жұмыспен, үймен қамтып отыр. Қызылорда «Нағи» деген ауылда да, жастарға жағдай істеп келеді. Баяғы «асар» деген ұғымды көтерсек, жақсы болар еді. Жас отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыру, бала күтіміне төленетін төлемдерді арттырып, баспана алуды жеңідетсе, жұмыс орындарын көптеп салса, кәсіп ашуға мол мүмкіндік жасаса қазақтың демографиясы көтеріледі. Сонда жастар көп балалы болуға ынталанар еді.

КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖАСАЛҒАН КЕДЕРГІЛЕРДІ АЛЫП ТАСТАЙЫҚ

– Жұмыссыздықты жою үшін не істеу керек?

– Қайтарымсыз несие, бизнесті қолдау, өз-өзін жұмыспен қамту сияқты түрлі бағдарламалар бар. Тек соның шынайы орындалуын қадағалайық. Моно қалаларды дамыту, «Ауыл берекесі» деген сияқты бағдарламар бар. Сол бар бағдарламар қалай жұмыс істейді, оның мемлекетке пайдасы бар ма, міне соған ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Жұрт ондай бағдарлама барын білмейді да. Оның эффектісі қалай, оны ойланып жатқанымыз жоқ. Бюджеттен бөлінген қаржы жіті бақыланбай, құмға сіңген судай болып, іс өнбейді. Түкке тұрмайтын бағдарламаларды жауып тастау қажет.

Баяғыдан бері инвестиция тарту, инвесторларға жағдай жасауды ұдайы айтып та, мәселе етіп көтеріп келеміз. Инвесторлар жайлы, сенімді нарық іздейді. Соны да ескерейік.

Шағын және орта бизнес дағдарысқа ұшырап жатыр. Кіші кәсіпкерлер түрлі кедергілердің кесірінен кәсібін жауып тастап, орнына шетелге барып жұмыс істейді. Мейрамхана ісі, сервистік қызметтер шатқаяқтап барады. Экономикамыз өссе де, елдегі бағалар да қатты өсіп кетті.  Салықтың салмағы ауырлап кетті. Басқаны былай қойғанда ҚҚС – 16 %-ды құрады. Бұл – жаға ұстатарлық жағдай. Бизнесті қолдамай, оларға жағдай жасамай, алға ілгерілеу мұң.

БАНК ӨЗІ БИ, ӨЗІ ҚОЖА БОЛМАУЫ ТИІС

– Қазір екінің бірі кредитке кірген.  Банк кредиттін кешіктіргендердің есеп-шоттын бірден бұғаттауы қаншалықты орынды?

– Кредитті жан-жаққа таратып біттік. Әлбетте, үй, көлік алуға кредит берілгені дұрыс. Ал өзі жарымай жүріп смартфон, iPhone алатындарға қайран қаласыз. Мұнымен құр босқа Қытай, Ресей компанияларын байытып жатырмыз. Ондай даңғойлықтың пайдасы шамалы. Бұның бәрі тұтынушылық мәдениет, қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі. Сондықтан біздің халық қатты қарызға кіріп кетті. Тойға несиені тегін бергендей аламыз. Мысалы, 10 млн теңгені той жасауға, құдалық шақыруға алған соң, соңында  төлей алмай әбіржиді. Ал «алмақтың салмағы бар». Әсіресе, тұтынушылық несиеге байқап барған абзал. Ауылдағы туыстарымыздың жағдайы оңып тұрмаса да, 4-5 бала-шағасы болса да, күйеуі, әйелі iPhone 17 үлгісінде телефон алып беріп жатады. Кіріс пен шығысты есептемей қарызға кіру тоқтамай тұр. Сондай мәселені жою керек, қою керек. Кредитті қалай болса солай берген де, ойланбай алған да дұрыс емес. Нағыз керек нәрсеге кредит берілсе, қоғам қарызға батпайды.

Кредит мәдениетіне байланысты аз-кем ой айтайын. Кеңес дәуірінің жоспарлы экономикасы күйреп, дербестік алған соң нарықтық экономика заңдарына көштік. 2000 жылдары халыққа кредит жаппай бере бастады. Сол кезде түбі қиын болатынын сездік. Өйткені, оған халық дайын болмады. Алдын ала ел-жұрттың қаржылық сауаттылығын арттыру керек еді. АҚШ Еуропа елдері бұрыннан нарықтық экономикаға бейімделген. Қаржы заңдарын, тетіктерін мектептен ЖОО-ға дейін үйретеді, зерделейді. Кредит деген қарыз екенін ұғындырады. Сөйтіп азаматтар да қарыз алмай, алса, көп пайызбен төлейтін түйсінеді. Бізде дамыған державалар тәжірибесін игеріп, кредит мәдениетін қалыптастырсақ болады. Біздегі несиелердің 20%-дан жоғары жүреді. Тұтынушылық несие бұдан 2 есе көп пайызбен береді. Микроқаржы ұйымдарының беретін қарызы айтпаса да түсінікті. Банк болсын, басқасы болсын бұлардың пайдасы халыққа көп пайызбен берген кредиттері арқылы түсіп отыр.

Банктер халыққа қас болып қарамауы керек. 2-3 күн төлей алмаса есеп-шоттарын шектеу қойып, артынша бұғаттап арест қою дұрыс емес. Тұтынушы сәл қиындыққа ұшыраса үйін, көлігін тартып ала берсе, жұрт оларды жақсы көрмейді. Одан кейін ешкім кредит алғысы келмейді. Кредит – банк пен тұтынушының ынтымақтастығы. Айлық-жалақысын банк бұғаттап тастап, талай адам жарты айлығын да ала алмай жүр. Шетелде есеп-шотты бұғаттап соттың шешімімен жүзеге асады, ал бізде банк өзі би, өзі қожа болып алған. Бұл дұрыс емес. Біздегі банктердің пайызы тым көп, азайту керек.

ЖАС ОТБАСЫЛАРДЫ ҚАЛАЙДА БАСПАНАМЕН ҚАМТУ КЕРЕК

– Баспана неге қолжетімді болмай барады?

– Баспананы қолжетімді етудің жолдары жетерлік. Ипотеканы қымбаттатуға болмайды. Тіптен Кеңес дәуірінде де үй халыққа өте қолжетімді болды ғой. Ол кезде пайызсыз беретін. Мақтап отырғаным емес, шынтуайтында солай болған. Ипотека – әлеуметтік кредит. Бір адам оншақты пәтер ұстауға болмайды деп ойлаймыз. Бұл нарық заңына қайшы келсе де, әзірге осы ережені енгізу керек боп тұр. Кейбіреулер 20-30 пәтердің қожайыны болуы мүмкін. Ол үйлерді жан-жақтан келген, пәтер іздеп жүрген жастарға жалға береді. Оған тыйым салынса дейміз. Америка Құрама Штаттары, Еуропа болсын бәрінде баспананың әділ бөлінуі қатты қадағаланады. Әзірге жастар, жас отбасылар, жалпы халықта үй мәселесі шешілгенше, бір адамға сонша пәтер бергізбейік. Әрі кеткенде 2-3 пәтер болсын. Ал подъезбен, блоктап сатып алу, әлеуметтік теңсіздік тудырып отыр. Соның салдарынан елге үй жетіспейді.

Мемлекет үй құрылысын қадағалап, тек таза әрі сапалы салынған үйлерге жұрт қоныстанса екен. Кейбір тұрғын үйлерде адамдар тұрмайды. Бәрін бизнес үшін алған. Егер адал бөлінсе, ипотека әлеуметтік бағыт деп танылса, пайыздары оңтайланса, елдегі баспана мәселесі шешілер еді. Ең бірінші кезекте көпбалалы отбасылар оңтайланған, қолжетімді баспанамен қамтылса екен. Алматыдағы үйдің құны шарықтап кеткен. Астанада сәл-пәл қолжетімдірек. Дейтұрғанмен барлық жерде қымбатшылық дендеп алды. Бұл мәселе әлемдегі геосаяси ахуалға да байланысты.

Ипотека қазір бизнеске жұмыс істеп тұр. Ал шын мәнінде ол – халыққа жұмыс жасағаны дұрыс. Баспанаға мұқтаж, үй ала алмай жүрген жастарға ең көп дегенде 7-9 % жаңа мемлекеттік бағдарламамен, жеңілдетілген үймен қамту керек. Мемлекет мақсаты ипотеканы субсидиямен берсе, ғажайыптың ең ғажабы.

Бір қызық деталь айтайын. 1989 жылы Алматының «Самал» ықшам ауданында қазақтың қарапайым жұмыс жасайтын жігіттері 3-4 бөлмелі үйлерге қолы жетті. Сол кезде Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділов еді. Ол кісі сол шақтарда қазақтың санын 40 %-ға дейін жеткізгені рас. Кейін «Ақсай» мөлтек ауданынан да беріле бастады. Жалпы баспана бағыты реформаға сұранып тұр.

ОТАНДЫҚ АВТОӨНДІРІСТІ ДАМЫТАЙЫҚ

– Қытай көлігінің сапасы алаңдатады. Сондай-ақ утильалым, алғашқы жарна төлеу қалтаға ауыр тиеді. Қаншама рет айтылса да, көлік алу неліктен жеңілдемей келеді?

– Бұл – өте қиын сұрақ. Утильалым, алғашқы жарна біраз елде бар. Білуімше, электромобильге жеңілдік қарастырылған. Мәселен BYD маркалы көліктері утильалымсыз енгізіліп жүрді. Тарифтер жоқ қой деймін. Шамамен 8-9 млн теңгеге алуға болады. Шет елде мұндай бағада жаңа көлік ала алмайсыз. Іргедегі Өзбекстанда утильалымды жоғары қойып, өзінің автоөндірісін қорғап отыр. Өздерінде шығарған көліктерді мінеді. Кейінгі кездері бізде 6-7 зауыт жұмыс істеп, «Hyundai»,  «Haval» бәрін шығарып жатыр. Тіпті 0,1-4% аралығында несиемен жаңа көлік алуға мүмкіндік бар. Әйткенмен, жүрілген көлік алуға автокредит 22-23 %-ға дейін шарықтап тұр. Сондықтан автокредит пайызын азайтқан жөн.

Англияда утильалқымға  шамамен, бар болғаны – 400 фунд төлейді. Ал біздегі утиль алым мен алғашқы жарна өте жоғары көліктің құнымен бара-бар. Осы күні 3 млн теңгенің о жақ, бұ жағында утильалым төлеу керек екен. Бұл дегеніміз – тым қолайсыз.  20 жыл өткен «Toyota», 30 жыл өткен «Mercedes» мінгенше деп,  Қытайдың жаңа көлігін мініп жүр көбісі. Біздің автопарк жаңарып қалды. Ең бастысы қытайлық көліктердің сапасы жақсы болса болғаны. Шетелді баққанша, өзіміздің автоөндірісті қолға алғаны құба құп. Егер шет елден машина алсаңыз ақшаны, сонда беріп келеміз, өзіміз ештеңе өндірмей қаламыз. Сондықтан Қазақстанның автоиндустриясы дамыса, халыққа жұмыс болады, көлік алу оңтайланады.

ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРЕТІН КЕЗ КЕЛДІ

– Жалпы жалақыны көтеру қажет деп санайсыз ба?

– Бұл арада, қандай айлық, кімдердің жалақыларын көтеру керек-ті, соны ойлайық.

Ең басты мәселе бюджетке келіп тіреледі. Егер бюджетте қаржы жеткілікті болса, жиі айтыла бастаған мемлекеттік қызметкерлердің, квазисектордағылардың айлық-жалақысын арттыратын кез жетті. Мәселен, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік салада басшылар 1-1,5 млн теңге жалақы алады. Ал қарапайым мемлекеттік қызметкерлер әлдеқайда төмен алады. Қазір кезде инфлиция ақшаны құнсыздандыруда. Сол үшін мемлекеттік қызметтегі басшысы мен қызметкерлердің жалақысында көп айырмашылық болмауы керек. Қарапайым мемлекет қызметкерлер мен квазисектордағылардың жалақысы көтерілуі қажет. Өйткені қазір айлықтың 55-57 %-ы азық-түліктен артылмайды.

Осы күні естіп жүрміз, журналистердің айлық-жалақысы да мардымды емес көрінеді. Соның ішінде газет-журнал тілшілері 250 мың теңгенің көлемінде ғана айлық алады екен. Бұл – өте ұят! Қоғамның жүгін көтеріп, мәселесін айтып, шешілуіне мұрындық болып жүрген жандардың жалақысы мардымсыз болғаны – өте ұят жағдай. Елде жалақы көтерілсе, журналист-жазушы деген гуманитарлық саланың да айлық-жалақысы өсуі тиіс.

Біздің кәсіпкерлер салықтық, бюракратиялық тұрғыдан қиыншылық көріп отырғанын айттық. Олар жұмысшыларына 250 мың теңге төлеп отырса, оған барып 500 мың төле десе, ол  қаржыны қайдан алады? Көптеген кәсіпорындар жабылу алдында. Сондықтан бизнеске қолайлы жағдай жасамай, кәсіп өркендеп, оңалып кетуі екіталай.

Тағы нақтылап өтейік. Елімізге мықты кадр, жаңа экономикалық бағдарламалар қажет. Сол жоспарланған жұмыстар, бөлінген қаражаттардың қадағалап есебін алып отыру керек. Сонда ғана аталған мәселелерді кезең-кезеңімен реттеледі деген сенім мол.

Сұхбаттасқан Олжас Жолдыбай

Yorumlar
Diğer Haberler