Президент Қонаев қаласындағы инфрақұрылымның даму қарқынын сынға алды

105
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hKD2Y0X3uNBL3WBMmDeNT1vyISlivTTofByTyPsb.jpg

Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Қонаев қаласындағы инфрақұрылымның даму қарқынын сынға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Президенттің айтуынша, жалпы Алматы облысында оң экономикалық өсім байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 трлн теңгеге жетіп, 5,4 пайызға артқан. Ал биылғы қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер бойынша облыс республикада бесінші орында тұр. Мемлекет басшысы өңірде инвестиция тарту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 млрд теңге инвестиция құйылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 900 млрд теңгеге жуықтаған.

Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштердің төмен екеніне назар аударды.

«Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайызды құрады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы облыс орталығы Қонаев қаласының даму мәселесіне де арнайы тоқталды. Президент пікірінше, қаладағы инфрақұрылымның дамуы жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп жатыр.

«Қала келбеті өзгермеген, бәрі бұрынғы күйінде қалып отыр. Алматы облысының толыққанды дамуы үшін Қонаев қаласына білім беру, әкімшілік, мәдениет және спорт нысандары сияқты базалық инфрақұрылым шұғыл қажет. Облыс басшылығы бұл өзекті мәселеге ерекше назар аударуы тиіс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңір басшылығына облыс орталығын дамыту жұмыстарын жандандырып, қажетті әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуды жеделдетуді тапсырды.

Yorumlar
Diğer Haberler