Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады

153
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kQogTcJ4hpuc3IZSG9AdKALmO2iJoIsi2gvNfSeg.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы бұл мейрамның халқымыздың рухани өміріндегі орны ерекше екенін атап өтіп, Құрбан айт күндері мейірімділік, қайырымдылық, өзара құрмет пен жанашырлық секілді асыл қасиеттер кеңінен дәріптелетінін айтты.

«Құрбан айт күндері азаматтарымыз өзгеге қол ұшын беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезіну айрықша маңызды екенін ұғына түседі. Бұл – әділдік пен адамгершілікті, ой мен сана тазалығын арқау еткен ислам ілімінің ұлағатын дұрыс түсініп, тағылымын тереңірек тануға зор ықпал ететін ерекше кезең.

Түптеп келгенде, біздің асыл дініміз де, еліміздегі басқа дәстүрлі діндер де халқымыздың рухани дамуына, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен қоғамдағы ынтымақ-бірліктің артуына негіз болып отыр»,–деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі дәстүрлі діндердің қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтудағы рөліне де тоқталды.

«Бәріміз үшін еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігінен биік ешнәрсе жоқ. Конституция – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, ұлттық бірегейлігіміздің өзегі. Сондықтан ел тұтастығын күшейту, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мемлекет саясатының аса маңызды бағыты, конституциялық міндеті саналады.

Ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір отаншыл азаматтың перзенттік парызы. Бұл – қазіргідей алмағайып заманда мемлекетімізді одан әрі көркейтіп, Әділетті және Озық Қазақстанды құрудың бірден-бір шарты. Біз алдағы уақытта халқымыздың ырысты ынтымағы мен жасампаз рухының арқасында биік белестерді бағындыра береміз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Құрбан айт қабыл болсын!»– деп түйінді президент.

Yorumlar
Diğer Haberler