фото: Рустам Нәбиев
Уфалық альпинист Рустам Нәбиев 20 мамыр күні Эверест шыңына көтерілді. Ол мұны тек екі қолының күшімен жасап, тарихта алғаш рет Эверестті аяқсыз бағындырған адам атанды. Базалық лагерьден шыңға дейінгі жол оған тура бір апта уақыт алған, деп хабарлайды "Адырна".
Рустам әлеуметтік желідегі парақшасында шыңға таңғы 8:16-да көтерілгенін хабарлады. Ол Ресейден Непалға 7 сәуірде ұшып кеткен. Эверестке шығу аса қауіпті болғандықтан, алдын ала өсиет жазып, Уфада салынып жатқан үйінің барлық төлемдерін жауып кеткен.
Сәуір айы мен мамырдың алғашқы жартысында Рустам биіктікке бейімделу жаттығуларынан өтті. Ал 13 мамыр - өзінің 34 жас туған күнінде Эвересттің базалық лагерінен жолға шықты. Онымен бірге бес шерпа және үш жеке жолсерік болды.
15 мамырда Нәбиев Хумбу мұзды өткелінен тек қолымен өткенін айтты. Бұл оған 15 сағат уақыт алып, альпинистік өміріндегі ең қиын сынақтардың бірі болған.
Мұзды өткелден кейінгі алғашқы биіктік лагері 6100 метрде орналасқан. Сол жерден соңғы рет өзі байланысқа шыққан. Одан кейінгі жол туралы ақпаратты базалық лагерьдегі команда мүшелері жеткізіп отырған.
17 мамырда олардың тобы 7178 метр биіктіктегі үшінші лагерьге жетті. Қысқа аялдамадан кейін төртінші лагерьге қарай жолға шығып, оған 14 сағатта барған.
19 мамырда Рустам 8400 метр биіктіктегі «Балкон» деп аталатын аралық нүктеге жетті. Сол күні кешкі 23:00-де олар шыңға қайта көтеріле бастады. Жоспарланғандай, таңертең әлемнің ең биік нүктесіне көтерілді.
Рустам Нәбиев 2015 жылы Омбыдағы әскери казарманың құлауы салдарынан ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылған.
Соңғы бес жыл ішінде ол тек қолының күшімен Эльбрустың екі шыңын (5642 және 5621 м), Манаслуды (8163 м), Араратты (5165 м), Казбекті (5033 м), Килиманджароны (5895 м), Аконкагуаны (6962 м), енді міне Эвересті (8848 м) бағындырды.
