Ақмола облысында мемлекеттік аудиторлардың ауқымды спартакиадасы басталды

182
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jpnvAEkjL4CGcH9D2h4fHg2BQN3XBVAiexASxkv9.jpg

Бүгін «Көкше-Арена» спорт кешені ең жауапты мамандық иелерінің басын қосқан ауқымды шараның орталығына айналды. Республикалық спартакиаданың солтүстік аймақтық кезеңіне Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан мемлекеттік аудиторлар командалары жиналды. Турнир мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының 30 жылдығы мен тексеру комиссияларының құрылғанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Іс-шараның салтанатты ашылуы Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың құттықтау сөзімен басталды. Ол қатысушыларға арнаған сөзінде аудиторлардың еңбегінің маңыздылығына тоқталды.

«Үш онжылдық ішінде мемлекеттік аудит институты бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың сенімді кепіліне айналды. Жұмыстарыңыздың жауапкершілігіне қарамастан, спортқа уақыт табатындарыңыз қуантады. Бұл – командалық рухты нығайтудың ең тиімді жолы», – деп атап өтті Елдос Рамазанов.

Мерекелік көңіл күйді әсерлі концерттік бағдарлама толықтырды. Одан кейін қатысушылар жарыстарға кірісті. Көпшілік үшін бұл турнир спорттық шеберлікті көрсету мүмкіндігі ғана емес, тәжірибе алмасып, кәсіби байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналды.

«Бұл спартакиада – көршілес өңірлердегі әріптестермен танысып, жұмыс барысын бейресми жағдайда талқылауға және спорт арқылы жақындасуға тамаша мүмкіндік. Біз жарысқа шамамен бір жарым ай дайындалдық, ал командамыздың мақсаты – тек жеңіс», – деді қатысушылардың бірі Мұрат Рахымжанов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мемлекеттік қызметшілер арасында мұндай ауқымды шараны өткізу мұқият үйлестіру мен барлық детальге ерекше назар аударуды талап етеді.

«Осындай форматтағы іс-шара облысымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Қатысушыларға сәтті ойын және ең бастысы – жарақатсыз өнер көрсетуді тілеймін. Әділ бәсекеде мықты жеңіске жетсін», – деді бұқаралық ұлттық спорт түрлерін дамыту инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Тасыбаев.

Спартакиаданың алғашқы күні тартысты волейбол матчтары мен зияткерлік шахмат партияларына арналды. Ертең, 15 мамыр күні жанкүйерлер шағын футбол мен үстел теннисінен өтетін шешуші кездесулерді тамашалай алады. Аймақтық кезең жеңімпаздары республикалық спартакиаданың финалында Солтүстік өңірдің намысын қорғайды.

Yorumlar
Diğer Haberler