Күн батареясымен ұшатын Solar Impulse 2 ұшағы апатқа ұшырады

142
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FLZ1dzvA5q3xPODUCnipyKOBhK9VQ966MfLU5rwl.webp

2016 жылы жер шарын айналып ұшып, тарихқа енген әлемдегі ең ірі күн батареяларымен жұмыс істейтін Solar Impulse 2 ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Popular Science-қа сілтеме жасап.

АҚШ ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесінің мәліметінше, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген. Алайда бұл апат авиация тарихындағы ең ауқымды әрі батыл жобалардың бірінің аяқталуына себеп болды.

Жобаның бастамашысы — теңіз тереңдігін зерттеуші Огюст Пикардың немересі әрі Мариан шұңғымасының түбіне алғаш жеткен Жак Пикардың ұлы Бертран Пикар болды. Оның мақсаты коммерциялық пайда табу емес, тұрақты энергетиканы насихаттау еді.

Ұшақтың алғашқы нұсқасы — Solar Impulse 1 2009 жылы алғаш рет көкке көтерілген. Ал Solar Impulse 2 ұшағының құрылысы 2011 жылы басталған.

Ұшақ техникалық сипаттамаларымен ерекше көзге түсті. Оның салмағы көміртекті талшықтан жасалған құрылымының арқасында небәрі 2,3 тонна болды.  2016 жылы Solar Impulse 2 тарихта күн энергиясымен жұмыс істейтін және жер шарын толық айналып ұшқан алғашқы ұшақ ретінде қалды. Бертран Пикар мен оның серіктесі Андре Боршберг 17 рет аялдап, сағатына 49-100 шақырым жылдамдықпен ұшқан.

2019 жылы Solar Impulse қоры ұшақты Skydweller Aero компаниясына сатқан. Жаңа иелері оны әскери бақылау мақсатында — радарлармен, оптикалық жүйелермен және байланыс құрылғыларымен жабдықтап пайдалануды жоспарлаған.

Жаңғыртудан кейін аппарат Испания мен АҚШ бағытында автономды ұшулар жасаған. Алайда 4 мамыр күні басқарудан шығып, апатқа ұшыраған.

Келісім бойынша ұшақ кейін Швейцарияға қайтарылып, Швейцария көлік мұражайы экспонатына айналуы тиіс болған. Бертран Пикар мен Андре Боршберг «маңызды технологиялық көшбасшыдан» айырылғандарына өкініш білдірді.

Yorumlar
Diğer Haberler