Алматыдағы жол апаты. Тергеудің аяқталғаны айтылды

200
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп. 

Басылым дерегінше, жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов іс материалдары жақын күндері сотқа жолданатынын жазған.

«Ертең соттар, азаматтарға консультациялар бар. Әл-Фарабидағы жол апаты бойынша істі зерделеуге кірісеміз. Тергеу аяқталды», – деді ол.

Айта кетейік, 6 мамыр күні ІІМ орынбасары Санжар Әділов аталған істің тергеуі соңғы кезеңге өткенін хабарлаған еді.

«Алматыдағы жол апаты бойынша іс аяқталу сатысында. Жақын күндері материалдар алдымен жәбірленуші тарапқа, кейін күдікті мен оның қорғаушыларына танысу үшін беріледі», – деген өз сөзінде.

Бұған дейін негізгі іспен қатар полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне қатысты екінші қылмыстық іс те тергеліп жатқаны хабарланған.

26 наурызда ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Алматы полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді.

Министрлік мәліметінше, бұл іс те аяқталуға жақын және жуырда сотқа жолданады. Күдікті қамауға алынған.

Айта кетейік, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Қаза тапқандардың жасы 20, 22 және 29-да болған.

Yorumlar
Diğer Haberler