Мемлекет басшысы шетелдік өкілдермен кездесуде Иранның ядролық мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилияның СІМ Мауро Виейрамен кездесуде Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайды талқылады.
Ақорда мәліметінше, тараптар халықаралық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Кездесу барысында БҰҰ мен оның құрылымдарын реформалау мәселесі, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ахуалға ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның атом энергиясын тек бейбіт мақсатта және МАГАТЭ бақылауымен пайдалануды қолдайтынын растады.
Сонымен қатар Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласында халықаралық сенімге ие екені, сезімтал ядролық материалдармен қауіпсіз жұмыс істеуге қажетті инфрақұрылым, ғылыми және техникалық базаға ие екені айтылды.
Еске салсақ, Қазақстан аумағында әлемдегі жалғыз МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі орналасқан.
Президент Тоқаев халықаралық келісімдер жасалып, мәселе практикалық кезеңге өтетін жағдайда Қазақстан Иранның ядролық мәселесін шешуге ізгі ниетпен қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
