«Таза Қазақстан»: Қарағанды этнопаркіне 1500 ағаш егілді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/E1N8IzzVE0p890bZyiomzloHc9KovIZw2FsLSLbt.jpg

Қарағандылықтар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен республикалық ағаш егу сенбілігін белсенді түрде қолдады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды экологиялық акцияға бастамашы болып, қатысушыларға үндеу жолдады.

Бұл күні Қарағандыда Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы этнопарк көгалдандырудың негізгі алаңына айналды. 

Мұнда бес мыңға жуық адам — қоғам белсенділері, жастар, еріктілер және қоршаған ортаға бейжай қарамайтын тұрғындар жиналды. 

Олар қарағай, қайың және теректің бір жарым мың түп көшетін отырғызды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысушыларға туған жерге деген жанашырлығы мен жайлы, жасыл қалалық орта қалыптастыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

– Ел Президентінің бастамасымен екі жыл бұрын «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы іске қосылды. Облыс тұрғындары оған белсенді қатысуда: ағаш егеді, қоқыс жинайды, аулаларын ретке келтіреді. Бизнес өкілдері де шет қалған жоқ — кәсіпорын ұжымдары бұл бастаманы қолдады. Алдағы уақытта да барлығымыз бірлесіп жұмысты жалғастырамыз. Жалпы, биыл облыс бойынша шамамен 60 мың ағаш егу жоспарланып отыр. Әрбір көшетке дұрыс күтім қажет, бұл ретте мамандардың ұсынымдары аса маңызды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жастарға үлкен рөл жүктеледі. 

Бұл туралы өз үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір мәрте атап өтті.

Қарағанды облысы бойынша «Жасыл Ел» республикалық штабының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет әрбір экологиялық акцияға қатысу із-түзсіз өтпейтініне сенімді.

– Бүгін мұнда жастар көп жиналды. «Таза Қазақстан» — өте маңызды идеологиялық бастама. Ағаш еккен жастар оның әрі қарайғы күтімі, өсуін қадағалау жөнінде ойланады. Бұл оларды өсімдіктер туралы көбірек білуге, оларды дұрыс отырғызып, өсіру жолдарын меңгеруге ынталандырады, – деді жасыл қозғалыс көшбасшысы.

Этнопаркте сондай-ақ Қарқаралы ұлттық паркінен әкелінген 200 түп ырғай көшеті егілді. 

Осы бастама арқылы қызметкерлер «Таза Қазақстан» халықаралық «Саябақтар маршы» экологиялық акциясымен үндесіп жатқанын көрсетті.

Yorumlar
Diğer Haberler