Германия автозауыттарын қару-жарақ өндірісіне бейімдеуге кірісті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0CgCWZnflEa9kq52RUbMjdKDEG7xEFk1KY0iWy14.jpg

Фото: Global Look Press

Германия үкіметі ел экономикасын ішінара әскери бағытқа қайта бейімдеуге дайындалып жатыр. Бұл қадам автомобиль өнеркәсібіндегі ұзаққа созылған құлдырау аясында қолға алынуда. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Сала өкілдерінің мәліметінше, Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ұзақ тоқырау кезеңін бастан өткеріп отырған Германияның автонарығы өндірістік қуаттарды әскери өнім шығаруға бағыттауға мәжбүр. Атап айтқанда, Mercedes-Benz, BMW, MAN және Volkswagen зауыттарының бір бөлігі қорғаныс саласына қажет өнімдер өндіруге бейімделуі мүмкін.

Мәселен, Volkswagen әуе шабуылына қарсы «Темір күмбез» жүйесіне арналған компоненттер шығаруды жоспарлап отыр. Ал автокөлік бөлшектерін өндіруші Schaeffler компаниясы дрондарға арналған қозғалтқыштар, бронды техникаларға арналған борттық жүйелер және әскери ұшақтарға қажетті бөлшектер өндірісін бастаған. Кейбір кәсіпорындарда қару-жарақ пен оқ-дәрі өндіру үшін үшінші ауысым енгізілген. Сонымен қатар, Patriot зымыранға қарсы жүйелерін Германия аумағында шығару жоспары бар.

Сарапшылардың айтуынша, Германияның қару-жарақ экспортының шамамен төрттен бірі Украинаға бағытталып отыр. Бұл Еуропадағы қауіпсіздік ахуалы мен геосаяси өзгерістердің қорғаныс өнеркәсібіне тікелей әсер етіп отырғанын көрсетеді.

Айта кету керек, бұл үрдіс тек Германиямен шектелмейді. Rheinmetall секілді ірі трансұлттық корпорациялар Еуропа бойынша өндірістік ауқымын кеңейтіп, қорғаныс өнімдерін шығаруды ұлғайтып келеді.

.

Yorumlar
Diğer Haberler