Иран АҚШ-пен келіссөздердің екінші кезеңіне қатысудан бас тартты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/frsw1rwA6Rx02gBfsxCwwWcZKiyJ5HJHuzwHatcn.webp

Иран АҚШ-пен Исламабадта өтетін келіссөздердің екінші кезеңіне қатыспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі IRNA агенттігіне сілтеме жасап.

Тегеран бұл шешімін Вашингтонның шамадан тыс талаптары, сондай-ақ АҚШ-тың Ормұз бұғазын бұғаттауды жалғастыруымен түсіндірді. Иран мұны атысты тоқтату режимін бұзу деп бағалап отыр.

Америкалық делегацияның Иранмен байланыс орнату үшін Исламабад қаласына аттанғанын 19 сәуірде Дональд Трамп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, кездесу 20 сәуірге жоспарланған. Ақ үй басшысы келісімге қол жеткізіледі деген үміті бар екенін айтып, сонымен бірге Тегеранды «бітімді бұзды» деп айыптады. Ол Ислам Республикасы келісімге келмесе, барлық электр станциясы мен көпірлерді жоятынын мәлімдеп, қоқан-лоқы жасады.

8 сәуірде АҚШ пен Иран екі аптаға атысты тоқтату туралы жариялаған болатын. Келіссөздердің алғашқы кезеңі өткен демалыс күндері Исламабадта өтіп, нәтижесіз аяқталды.

Соған қарамастан, 17 сәуірде Тегеран бітім мерзімі аяқталғанға дейін барлық коммерциялық кемеге Ормұз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді. Бұл Ливандағы атысты тоқтату туралы келісім аясында жүзеге асты. Ал Трамп тараптар келісімге келмейінше, Иран порттарына қойылған блокаданы алып тастаудан бас тартты. Бұған жауап ретінде Ислам революциясы сақшылар корпусы бұғазды жабатынын мәлімдеп, оған жақындауға тырысқан кез келген кемеге соққы беретінін ескертті.

Yorumlar
Diğer Haberler