Студенттер жарыс көлігін әзірледі

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AXpX1G03GsxoTn2fIDEkNtKt5R9L1Jt7aImxtw6i.webp

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті студенттері 100 км/сағ жылдамдыққа үш секундта жететін жарыс болидін әзірледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жоба екі жыл ішінде жүзеге асырылған.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Мәліметке сәйкес, әзірлеме толықтай оқу орны базасында орындалған. Жоба идеядан бастап жобалау, бөлшектерді дайындау және құрастыру кезеңдерін қамтыған.

Жұмыс Машина жасау саласындағы озық технологиялар орталығында жүргізілді. Әр бөлшек алдымен цифрлық форматта модельденіп, компьютерлік сынақтан өткізілген. Сынақ нәтижелері оң болған жағдайда ғана өндіріс кезеңіне жіберілген.

Болид автокөлік саласының өкілдері қатысқан шарада таныстырылды. Жобаға серіктес ұйымдар да тартылып, бөлшектерді өңдеу мен шетелдік компоненттерді жеткізуге қолдау көрсеткен.

Университет ректоры Сейітбек Қуанышбаев жобаның бастамасы 2023 жылдың басында көтерілгенін мәлімдеді. Жоба авторлары әзірлемені Formula Student халықаралық инженерлік байқауында ұсынуды жоспарлап отыр.

Yorumlar
Diğer Haberler