2026 жылғы 17 сәуірде «Атырау» футбол клубын коммерцияландыру процедурасы аяқталып, меморандумға қол қойылды. Инвестиция құны 1 млрд теңгеге жуықтайды.
Ашық конкурста өңірге белгілі кәсіпкер, мұнай өндіру, теміржол тасымалы және логистика саласындағы компаниялардың иесі Болат Қонарбай жеңімпаз деп танылды. Құжат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жасақталды.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов инвестормен кездесіп, клубтың жаңа иелеріне зор сенім артатынын атап өтті:
— Бүгін біз өңірлік спортты дамытудағы маңызды бір кезеңді қорытындылап отырмыз. «Атырау» футбол клубы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кәсіби спортқа жеке инвестиция тарту туралы тікелей тапсырмасы негізінде ресми түрде коммерциялық негізде жұмыс істеуге көшті. Бұл шешім — басқарудың жаңа моделіне жасалған қадам. «Атырау» ФК — мұнайлы астананың мақтанышы және солай болып қала бермек. Жеке капиталдың келуі клубтың дамуына жаңа серпін беріп, адал жанкүйерлердің сүйіспеншілігі мен сенімін сақтай отырып, оны бәсекеге қабілетті етеріне сенімдіміз.
Болат Қонарбай «Атырау» футбол клубының жай ғана бизнес-жоба емес, аймақ алдындағы үлкен жауапкершілік екенін баса айтты:
— Біздің мақсатымыз — Мемлекет басшысының спортты реформалау бағытын ұстана отырып, тиімді әрі ашық футбол спортын құру. Біз клубқа ұзақ мерзімді стратегиямен келдік. Онда үш негізгі басымдық бар: жаңа инфрақұрылым салу, өз шәкірттерімізді даярлау және жанкүйерлермен диалог орнату. Облыс басшылығына бізге сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Біз «мұнайшылардың» ізгі дәстүрін сақтауға кепілдік береміз және «Атырау» футбол командасының ҚР чемпионаты мен Кубогында жоғары орындарға таласуы үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
Клубтың жаңа иелері балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуды басым бағыт ретінде қарастырмақ. Алдағы үш жылда клубтың футбол орталығындағы тәрбиеленушілер санын бастауыш топтардан оқу-жаттығу топтарына дейін қоса есептегенде 1 000 адамға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар облыс аудандарында футбол орталығының филиалдары ашылып, бұл спорт түрі аймақтағы барлық балаға қолжетімді болады.
Дарынды балаларды анықтау мен оларды қолдауға баса назар аударылады. Жаңа қожайын қабілетті балалар мен жасөспірімдерді іріктеу бойынша жүйелі селекциялық жұмыстар жүргізуге мүдделі. Команданың негізгі құрамына жергілікті және қазақстандық футбол мектебінің түлектері тартылады.
Коммерцияландыру шарты әйелдер футболын дамыту міндеттерін де қамтиды. Клубтың жаңа иесі кәсіби әйелдер командасын және оның Қазақстан Республикасы біріншілігінде өнер көрсетуін қамтамасыз етуі тиіс.
Осы міндеттерді іске асыру үшін жеке инвестициялар есебінен заманауи жаттығу базасы мен спортшыларға арналған жатақханасы бар футбол академиясы салынады.
