Әлемге танымал қазақ әнші Димаш Құдайберген продюсерлік ететін Voice Beyond Horizon музыкалық реалити-шоуы интернет платформаларында 1,5 млрд-тан астам қаралым жинады. Бұл туралы өнер иесінің командасы мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Жарияланған деректерге сәйкес, қаралымдар саны 1,59 млрд-қа жеткен, ал бағдарламаға қолдау көрсеткендер индексы 100%-ды құраған (CMMR).
Сонымен қатар, Димаштың шоуы Dengta, Vlinkage және Endata платформаларында рейтингте көш бастап тұр, ал кейбір қатысушылардың өнері 1 млн-нан астам қаралым жинаған.
Жоба авторлары бағдарламаның Қытайдың аймақтық спутниктік арналарында телевизиялық рейтингте тұрақты түрде бірінші орында екенін атап өтті. Сонымен қатар, шоу халықаралық әлеуметтік желілерде, соның ішінде YouTube пен TikTok платформаларында кеңінен таралуда.
Бұдан бөлек, жоба туралы 500-ден астам мақала мен ұсыныстар жарияланды. Олардың ішінде қытайлық мемлекеттік БАҚ та бар, ал шоу 300-ден астам рет танымал тақырыптар тізіміне енген.
Айта кетейік, Voice Beyond Horizon – Димаш Құдайбергеннің халықаралық продюсерлік жобасы, 2026 жылы Қытайдың Hunan Broadcasting System медиа тобының қатысуымен іске қосылған. Жобаның ақпан айында тұсаукесері бір тәулікте 102 млн көрермен жинап, Қытай рейтингінің көшін бастаған болатын.
