Қазақстан әскерінде “швед үстелі”: сарбаздарға қандай жаңалық енгізілмек?

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Kx1akrEtYCJwD4ypGCU6dxRAU8BH6nITC5lUR6Co.jpg

Қазақстан Қарулы күштерінде тамақтану жүйесіне өзгеріс енгізіліп жатыр. Енді әскери бөлімдерде “швед үстелі” элементтері пайда болып, сарбаздарға таңдау мүмкіндігі беріледі. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл жаңашылдық шығынды арттырмай-ақ, сапаны жақсартуға бағытталған.

Сарбаздарға таңдау мүмкіндігі беріледі

Жаңа жүйе бойынша әскери қызметшілер бірнеше тағам түрінің ішінен өзіне ұнағанын таңдай алады. Бұған дейінгідай бір ғана бекітілген мәзір емес, әртүрлі нұсқа ұсынылады.

Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеев бұл өзгерістің басты мақсаты – сарбаздардың нақты қажеттілігін ескеру екенін айтты.

«Біз тамақтануды ұйымдастырудың заманауи моделіне көшіп жатырмыз. Ең бастысы – формалды емес, әскери қызметшінің нақты қажеттілігі. “Швед үстелі” элементтері сарбазға таңдау беріп, тағам сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сапа артады, бірақ шығын өзгермейді

Жаңашылдыққа қарамастан, азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемі өзгермейді. Реформа тағам дайындау мен тарату процестерін оңтайландыру арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда армияда 23 жеткізуші 40 мыңнан астам әскери қызметшіні тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Соңғы конкурстар нәтижесінде 11 жаңа компания тартылып, бәсекелестік артады деп күтілуде.

Сонымен қатар, сатып алу жүйесі электронды форматқа көшіріліп, келісімшарттар 3 жылға дейін жасалмақ. Бұл ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.

Ұлттық тағамдар мен қоғамдық бақылау күшейеді

Жаңартылған мәзірде ұлттық тағамдарға да басымдық беріледі. Әскери бөлімдерде қазірдің өзінде қуырық, палау, бауырсақ сияқты дәстүрлі ас түрлері енгізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, тамақ сапасын бақылауға Аналар жүрегі комитетінің өкілдері тартылған. Бұл – қоғамдық бақылауды күшейтудің бір жолы.

Министрлік мәліметінше, қазірдің өзінде 300-ге жуық сынақ дайындау жүргізіліп, аспаздар арнайы оқытудан өткен. Сондай-ақ, мәзір сарбаздардың анонимді сауалнамасы негізінде түзетіліп жатыр.

Yorumlar
Diğer Haberler