Декретте отырған әкелерге еңбек өтілі есептеледі

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iESygHMnW9NSpe6PbCjQ3u3WPPlJEDvKiEMZg9Z3.jpg

Сенат бірдей лауазымдағы қызметкерлерге тең жалақы төлеу және әкелерге берілетін декреттік төлемдер тәртібін нақтылайтын заң жобасын екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды "Адырна".

Құжатқа сәйкес, енді зейнетақы тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкенің бала күтімімен өткізген уақыты еңбек өтіліне енгізіледі. Сонымен қатар бір қызметтегі қызметкерлер арасындағы жалақы айырмашылығына шектеу қойылады.

Заң депутаттардың бастамасымен әзірленген. Жаңа өзгерістер әкелердің де бала күтіміне белсенді қатысуына жол ашады. Бала күтімімен отырған уақыт еңбек өтіліне қосылып, болашақ зейнетақыға әсер етеді.

«Осы орайда заң қолданыстағы Еңбек кодексіне, Әлеуметтік кодекске, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске, Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Рұқсаттар және хабарламалар туралы, сондай-ақ Мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді»,  –  деді сенатор Руслан Рүстемов.

Заң аясында жұмыс берушілерге еңбек функциясын атқаратын адамдармен азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады. Сонымен қатар ұжымдық шартта жалақы айырмашылығының шегі, еңбек қауіпсіздігі, өндірістегі жазатайым оқиғаларға қатысты төлемдер сияқты талаптар нақтыланады.

Сондай-ақ ереуіл өткізу тәртібі де реттеледі. Атап айтқанда, татуластыру комиссиясының жұмысына делдал тарту, қауіпті өндіріс орындарында міндетті қызмет көлемін сақтау және ереуіл кезінде тоқтатылмайтын өндірістер тізімін нақтылау көзделген.

Yorumlar
Diğer Haberler