Shymbulak қызметкерлері Алматы тауларында Ресей азаматын іздеуге және құтқаруға көмектесті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/T6XyYvEkCKA1k75VCDfpU3XRuzG3Vq5PwWgjj5MK.jpg

Белгіленген трассалардан тыс жерде сырғанау ресейлік турист өміріне қауіп төндіре жаздады. Түн ортасына қарай Shymbulak курортының қызметкерлеріне бір қыз жүгінді. Оның айтуынша, «Профессор» трассасында сырғанап жүрген кезде серігі өзен жаққа кенет бұрылып кетіп, көзден ғайып болған.

Курорттың кезекші қызметкері Махамбет Абдуллаев бұл ақпаратты бірден Жедел басқару орталығына жеткізді. Іздестіру жұмыстарына жедел түрде курорттың қауіпсіздік қызметі мен құтқарушылары жұмылдырылды.

«Қыз қатты уайымдап тұрды. Мен оның жанында қалып, басқару орталығымен байланыста болдым. Ал сол уақытта курорттың құтқарушылары мен қауіпсіздік қызметінің ауысым басшысы оқиға орнында іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатты», — дейді Махамбет Абдуллаев.

Іздеу жұмыстары түңгі уақытта жүргізілгендіктен және жер бедерінің күрделілігі құтқарушылардың жұмысын одан әрі қиындатты. Бірнеше минуттан кейін ер адам курорт аумағынан тыс жерден табылды.

Оны құтқаруға қосымша күш қажет болды. Сондықтан операцияға Алматы қаласының Құтқару қызметінің мамандары да тартылды. Сондай-ақ оқиға орнына ТЖД қызметкерлері, өрт сөндірушілер және Апаттар медицинасы орталығының маманы келді.

Құтқару қызметтерінің бірлескен жұмысының арқасында ер адам қауіпсіз жерге шығарылып, курорттың базалық станциясына жеткізілді. Дәрігерлер туристі тексергенде ешқандай жарақат анықталған жоқ. Ол емханаға барудан бас тартты.

«Құтқарушыларға алғыс айтқым келеді. Олар мені тауып, шығуға көмектесті және қолдау көрсетті. Мен өте ризамын. Shymbulak — керемет курорт, мұнда тағы да келемін», — деді турист.

Shymbulak құтқарушылары еске салады: дайындалған трассалардан тыс жерде сырғанау, әсіресе түнгі уақытта, қауіпті болуы мүмкін. Курорт қызметкерлері әрқашан көмек көрсетуге дайын, дегенмен ең қауіпсіз бағыт — белгіленген трассалар.
Биылғы қысқы маусым басталғалы бері бұл курорттағы үшінші құтқару операциясы. Олардың барлығы сәтті аяқталды.

 

Yorumlar
Diğer Haberler