Үкіметті доғарысқа жіберген. Тұңғыш парламенттің сайлауы өткен күн

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RS5TJ9D5i9mpY53Xguoy2YBGVr1TNutQh0KUX8kf.jpg

1994 жылдың 7 наурызында Қазақстан тарихында Тәуелсіздік кезеңіндегі алғашқы парламент сайлауы өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Нәтижесінде Қазақстан Жоғарғы Кеңесі құрамына 176 депутат сайланды.

Сайлау 1993 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған «Сайлау туралы» кодекс негізінде өтті. Депутаттардың 42-сі президенттік тізім бойынша, 75-і қоғамдық ұйымдардан, ал 59-ы өзін-өзі ұсыну арқылы бір мандатты округтерден сайланды.

Сайлауға бірнеше саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар қатысқанымен, «Азат» және «Желтоқсан» қозғалыстары бойкот жариялады. Ресми билік сайлау ашық әрі демократиялық талаптарға сай өткенін мәлімдеді. Алайда оппозициялық топтар мен халықаралық бақылаушылар сайлау барысында бірқатар кемшіліктер болғанын айтты.

Жоғарғы Кеңесте түрлі саяси күштерден құралған фракциялар мен депутаттық топтар жұмыс істеді. Парламентте алғаш рет оппозициялық топтар да қалыптасты. Соның бірі – Қазақстан халық конгресі партиясы, Социалистік партия және Кәсіподақтар федерациясы депутаттары құрған «Прогресс» тобы болды.

Парламенттің алғашқы төрағасы болып Серікболсын Әбділдин сайланды. Сол кезеңде ел президенті қызметін Нұрсұлтан Назарбаев атқарды.

Бұл парламент ел тарихында бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Соның ішінде депутаттар Сергей Терещенко басқаратын үкіметке сенімсіздік білдіріп, кейін үкімет отставкаға кетті.

Алайда 1994 жылғы парламент ұзақ жұмыс істеген жоқ. Қазақстан Республикасының Конституциялық соты сайлау заңнамасының кейбір нормалары Конституцияға сәйкес келмейді деген шешім шығарғаннан кейін, 11 ай жұмыс істеген Жоғарғы Кеңес заңсыз сайланған деп танылды.

Нәтижесінде 1995 жылдың наурызында парламент таратылды. 

Yorumlar
Diğer Haberler