Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы ескерткішке нұқсан келтірген вандалдар іздестіріліп жатыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Белгісіз біреулер Ұзынағаш шайқасындағы жеңіс құрметіне орнатылған ескерткішті бүлдіріп, бейәдеп жазу жазған. Әкімдіп мәліметінше, вандализм салдары жедел түрде жойылып, полиция тергеу жұмыстарын бастаған.
«2 наурыз күні Ұзынағаш ауылында зират аумағындағы ескерткіштердің бірінде вандализм дерегі анықталды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан салдарын жою жұмыстары жедел жүргізілді», – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Сондай-ақ жергілікті билік аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Кінәлі тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Бұған дейін ресейлік «Туранарь» Telegram-арнасы ескерткіш бетінде Ресей президентіне қатысты қорлау сипатындағы жазу пайда болғанын жазған еді.
Ұзынағаш шайқасы – 1860 жылдың қазан айында орыс жасағы мен Қоқан әскері арасында болған шайқас. Шайқаста орыс әскері жеңіп, Ресей империясының Жетісуда орнығуына мүмкіндік алды.