Амангелді Кеңшілікұлының жаңа кітаптары жарық көрді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JqiFXUzH3PEy1SAwGjG2Qck60BTywcuggoJEnoJi.jpg

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, “Айбоз-2025” ұлттық әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлының үш кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Шараға белгілі жазушылар мен әдебиет қайраткерлері жиналып, қаламгердің шығармашылығына жоғары баға берді.

Тұсаукесерде Амангелді Кеңшілікұлының “Сөз патшасы”, “Жүрек сөзі” және “Толстойдың өмірі” атты еңбектері оқырман назарына ұсынылды. “Сөз патшасы” мен “Жүрек сөзі” кітаптары “Атамұра” баспасынан жарық көрген.

Шараға Халық жазушысы Төлен Әбдік, қоғам қайраткері, жазушы Сауытбек Абдрахманов, “Атамұра” корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова, журналист Қуаныш Жиенбай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, ақындар Бауыржан Бабажанұлы мен Баянғали Әлімжанов қатысты. Қонақтар жаңа кітаптардың тұсауын кесті.

Жиын барысында модератор болған қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов “Атамұра” баспасының “Мектеп кітапханасы” сериясындағы туындыларға жоғары баға беріп, кітап таралымының оқырман үшін маңызды екенін атап өтті.

Тұсаукесер барысында әдеби сын мен қоғам арасындағы байланыстың маңыздылығы да сөз болды. Халық жазушысы Төлен Әбдік бастаған пікір айтушылар Амангелді Кеңшілікұлының сын саласындағы еңбегін жоғары бағалап, оның шығармашылық мұрасы қазақ әдебиеті үшін үлкен құндылық екенін атап өтті.

Сонымен қатар, шара Торғай жерінің киелі топырағында туып, биыл 80 жылдығы тойланған Кеңшілік Мырзабековтің өмірі мен шығармашылығына да арналды. 

Таныстырылымға қатысушылар Амангелді Кеңшілікұлының әке дәстүрін жалғастырып, ұлттық әдебиетке қызмет етіп келе жатқанына риза болып, жылы лебіздерін білдірді.

Шараның соңында қатысушылар әдебиет сынының сапасы мен ауқымы шығармашылықтың ұлттық миссиясын әлемдік деңгейге көтеретін негізгі фактор екенін атап, автор шығармашылығы қазақ әдебиетінде жаңа белестерге жететіндігіне сенім білдірді.

Yorumlar
Diğer Haberler