25 ақпан – азалы таң. 39 қайраткер бір түнде атылды. НКВД осы лекпен 631 адамды опат қылды

210
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1Q6kiaY4SHN1GQAQJlMuLuMUR18j78oEmiJRQlpE.jpg

25 ақпан – Сталиндік саяси қуғын сүргіннің қыл бұрауына түскен 39 алаш арысының атылған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

НКВД қамаудағы 39 адамды бір демде атты. Олардың 14-і – советтік Қазақстан үкіметінің мүшелері еді…

1937 жылдың тамызынан 1938 жылдың 25 ақпанына дейін НКВД түрмесінде отырған қазақтың алғашқы жоғары білімді әскери дәрігерлерінің және Қазақстандағы тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі Санжар Асфендияров та бұл қатарда атылды.

Нақақ жаламен 1937 жылдың 24 қыркүйегі күні қамауға алынған Сәкен Сейфуллинге «ұлтшыл буржуа» деген айып тағылып, 1938 жылы 25 ақпанда Алматы НКВД-сының қабырғасында атылды. Кейін Сталин қайтыс болғаннан кейін 1957 жылы ақталған. 

Құдайберген Жұбанов атышулы 58-баптың 2, 8, 9, және 11-тармақтары бойынша айыпталған. Ең алдымен бірінші бап (58-2) бойынша «жапон жансызы» ретінде кінә таққан. Ондағысы ғалымның жапон тіліне қызығушылығынан бөлек, 10-нан астам тілді білетіндігі себеп. Алайда 58-8 бап (террорлық) айыпталып, өлім жазасына кесілген үкім шығарылып, 1938 жылдың 25 ақпанында атылған. 1957 жылы 3 қазанда ССРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының шешімімен ақталды.

Осыдан 88 жыл бұрын НКВД 25 ақпанда атқан 39 адамның қатарында жоғарыда аталғандардан бөлек, совет­ өкіметінің мемлекет қайраткерлері: Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сарымолдаев, Жанайдар Садуақасов, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин сынды тұлғалар болды.

Топтап ату науқаны тек 25 ақпанда ғана болған жоқ. 26 ақпан – 37, 27 ақпан – 41, 28 ақпан – 40 адам жазықсыз шейіт болды.  25 ақпаннан 13 наурыз аралығында (арасында жендеттердің демалыс жариялаған күндері болған) ұзын саны 631 адамның бір ғана Алматыда атылғаны анықталды. Марқұмдардың 75 пайызы қазақтар болған.

26 ақпанда атылғандардың арасында Бейімбет Майлин де болған. Ол 1937 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның кесірінен 1938 жылдың 26 ақпанында сұраусыз атылды. Бейімбеттің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеген Тоқтар Бейісқұловтың көрсетуінше, әйгілі жазушыны айыптайтын сот отырысы 26 ақпанда 12.30-да басталып, 12.45-те аяқталған. Ұлттық әдебиет классигінің өмірін жалғыз оққа байлаған үш-ақ адамның шешіміне небары 15 минут уақыт кеткен.

Qazaqstan Tarihy сайтының мәліметінше, 1925 жылы дін қайраткерлерін, 1928 жылы ірі буржуазия өкілдерін, 1931 жылы алашордашыларды, 1937 жылы совет билігіндегі ұлтшылдарды құртып, көзін жою жоспарлы түрде ұйымдастырылып, жүргізілген.

Айта кетейік, Қызыл империя тарапынан 1937-1938 жылдары жүрігізілген саяси қуғын-сүргін репрессияда елімізде 120 мың адам ұсталып, темір торға тоғытылды.

Yorumlar
Diğer Haberler