Мексикада жаппай тәртіпсіздіктер жалғасып жатыр

112
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LpFOI7wMCT6iilrloDZMEAhGNotbn0Tsv2PhBZHh.webp

Фото: Alejandra Leyva/AP Photo/picture allianc

Мексикада ірі есірткі картелінің жетекшісінің қаза табуы елдің бірнеше өңірінде жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әскери операция барысында «Эль Менчо» лақап атымен танылған Немесио Осегера Сервантес көз жұмғаны айтылды, деп хабарлайды "Адырна".

Мексиканың Ұлттық қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол Халиско штатында әскерилермен болған қақтығыс кезінде жараланып, Мехикоға жеткізу жолында қайтыс болған. Осегера Сервантес ұзақ жылдар бойы «Халиско жаңа буыны» (Jalisco New Generation Cartel) картелін басқарған.

Қақтығыстардан кейін елдің бірқатар аймағында жол тосқауылдары қойылып, көліктер өртелді. Қылмыстық топтар әскери операцияларға кедергі келтіру үшін негізгі жолдарды жауып тастаған.

Халиско штатының губернаторы Пабло Лемус Наварро аймақта «қызыл қауіп кодын» жариялады. Қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылып, тұрғындарға үйлерінен шықпауға кеңес берілді.

Мексиканың қауіпсіздік қызметтері ел бойынша 252 жол тосқауылы тіркелгенін мәлімдеді. Оның 65-і Халиско штатында болған.

Тәртіпсіздіктер Пуэрто-Вальярта қаласына да әсер етті. Әлеуметтік желілерде қала үстінен көтерілген түтін мен әуежайдағы дүрбелең бейнеленген видеолар тарады. Бірқатар әуе компаниялары қауіпсіздікке байланысты рейстерді уақытша тоқтатты.

Штат астанасы - Гвадалахара қаласында да қақтығыстар тіркелді. Бұл қалада алдағы уақытта ірі халықаралық спорттық шаралар өтуі жоспарланған.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум жол тосқауылдарының барын растағанымен, елдің басым бөлігінде жағдай қалыпты екенін мәлімдеді.

Айта кетсек, «Халиско жаңа буыны» картелі АҚШ-қа фентанил және өзге де есірткі түрлерін заңсыз жеткізумен танымал. Ұйым Мексикадағы ең ықпалды әрі қатыгез қылмыстық құрылымдардың бірі саналады.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт АҚШ бұл операцияға барлау деректерін ұсынғанын хабарлады. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау картель жетекшісінің өлімін «маңызды оқиға» деп бағалады.

Сарапшылардың пікірінше, наркобаронның жойылуы қысқа мерзімде тұрақсыздық туғызғанымен, ұзақ мерзімде аймақтағы қылмыстық құрылымдардың ықпалына әсер етуі мүмкін. Алайда қазіргі таңда Мексиканың батыс өңірлерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Yorumlar
Diğer Haberler