Араб елдері АҚШ елшісінің Израиль шекарасы туралы мәлімдемесін сынға алды

175
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vMNEZFLbyg4A04FMYnid2sTkbo28b6Bhb7yRDWBk.webp

Араб мемлекеттері лигасы АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакабидің Израильдің іс жүзінде Таяу Шығыстың басым бөлігіне құқығы бар деген мәлімдемесін қатаң айыптады. Бірлескен мәлімдеме 22 ақпанға қараған түні Сауд Арабиясы СІМ-нің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Құжат авторлары елшінің мәлімдемелеріне байланысты өздерінің терең алаңдаушылығын білдірді.

«Ол өз сөзінде Израиль үшін араб мемлекеттеріне тиесілі аумақтарды, соның ішінде оккупацияланған Батыс жағалауды бақылауда ұстау қолайлы болар еді деген ишара жасаған», – деп атап өтті авторлар.

Мәлімдемені Египет СІМ, Иордания СІМ, БАӘ СІМ, Индонезия СІМ, Пәкістан СІМ, Түркия СІМ, Катар СІМ, Кувейт СІМ, Оман СІМ, Бахрейн СІМ, Ливан СІМ, Сирия СІМ және Палестина ұлттық әкімшілігі қолдаған.

БАӘ СІМ мәлімдеуінше, бірлескен үндеуге қол қойған елдер мұндай «қауіпті әрі арандатушылық сипаттағы» мәлімдемелерді үзілді-кесілді қабылдамайтынын растады. Олар бұл сөздер халықаралық құқық қағидаттары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын өрескел бұзу болып саналатынын және өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына елеулі қатер төндіретінін атап өтті.

Араб және ислам елдерінің сыртқы істер министрліктері Израильдің оккупацияланған палестин аумағы мен басқа да оккупацияланған араб жерлеріне қатысты ешқандай егемендігі жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар олар Батыс жағалауды аннексиялау немесе оны Газа секторынан бөлу әрекеттерін қабылдамайтынын және Израильдің қоныстандыру саясатын кеңейтуіне табанды түрде қарсы екенін білдірді.

Сонымен қатар құжатқа Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі сияқты бірқатар халықаралық ұйым да қосылған.

Айта кетейік, АҚШ-тың Израильдегі елшісі Майк Хакаби журналист Такер Карлсонге берген сұхбатында Израильдің Таяу Шығыстың  бүкіл аумағына іс жүзінде «библейлік» құқығы бар екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл аумаққа қазіргі Иордания, Сирия, Ливан, сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Ирактың бір бөліктері кіреді.

Yorumlar
Diğer Haberler