Шымкентте мұғалімдер 75 сағаттық жүктемемен жұмыс істеп келген

519
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pHTyEctmZtEfgoMetyRJvLzXry4ohlrva2pLev7a.jpg

Шымкент қаласының әкімдігі аптасына 24 сағаттан артық жүктемемен жұмыс істейтін педагогтерді анықтады, деп хабардайды «Адырна» тілшісі.

Тексеру барысында 40, 50, 60, тіпті 75 сағат жүктемемен жұмыс істейтін мұғалімдер бар екені белгілі болған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек брифингте мәлімдеді.

«Біз жүктемесі 24 сағаттан асатын педагогтердің бар екенін анықтадық. Тіпті 30–32 сағатты айтпағанда, 40–50 сағаттан 70 сағатқа дейін жүктемемен жұмыс істейтін мұғалімдер бар екен. Егер осы 60 сағатты мұғалімнің 16 сағаттық жүктемесіне бөлсек, 4 штаттық бірлік шығады. Яғни бір адам төрт адамның жұмысын атқарып отыр. Мұны біз қыркүйек айында анықтадық және қатты таңғалдық»,- деді Сәрсен Құранбек.

Қала әкімінің орынбасары бұл мәселеге байланысты бұған дейін Оқу-ағарту министрлігіне, прокуратураға және еңбек инспекциясына жүгінгенін айтты.

«Олармен кеңесе келе, мұғалімнің жүктемесі 24 сағаттан аспауы тиіс екенін анықтадық. Нәтижесінде қаладағы 83 мектеп бойынша шамамен 2 мың жасырын бос жұмыс орныанықталды, бұл 1686 педагогке арналған жүктеме деген сөз. Кейбір білім беру ұйымдарында бір педагог оқу ісі жөніндегі орынбасар бола отырып, тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың да штаттық бірлігін қатар атқарған. Жұмыс уақыты сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін екенін ескерсек, қызметкердің екі лауазымды бір уақытта қалай атқаратыны заңды сұрақ туғызады. Қазіргі таңда бізде 2300 бос жұмыс орны бар, оның 1165-і — жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналып отыр. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 170 бос орын бар. Арнайы және қосымша білім беру мекемелерінде 150 орын, оның ішінде 35 орын — ведомстволық орталықтарда, ал 543 орын — педагогикалық емес қызметкерлерге арналған. Ал аула сыпырушылар мен техникалық қызметкерлер бізде жеткілікті»,-деп түсіндірді  ол.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, осы брифингтен кейін барлық мектеп анықталған бос жұмыс орындары бойынша конкурс жариялап, бірнеше күннен соң бос орындар жәрмеңкесін өткізеді.

Yorumlar
Diğer Haberler