АҚШ президенті Дональд Трамп мінген Air Force One ұшағы электроникадағы ақауға байланысты Эндрюс әуе базасына қайтып оралуға мәжбүр болды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левит айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Ұшқаннан кейін Air Force One ұшағының экипажы шағын электрлік ақауды анықтады. Қауіпсіздік мақсатында Air Force One Эндрюс біріккен базасына қайта оралады. Президент пен оның командасы басқа ұшаққа отырып, Швейцарияға сапарын жалғастырады»,- делінген хабарламада.
Ұшақта Трамп әкімшілігінің мүшелері, соның ішінде мемлекеттік хатшы Марко Рубио, әкімшілік басшысы Сьюзи Уайлз, кеңесші Стивен Миллер, Левитт, коммуникациялар директоры Стивен Чанг және хатшылық қызмет жетекшісі Моника Кроули болған.
Кейінірек Reuters агенттігі президент ұшағының сәтті қонғанын хабарлады.
Айта кетейік, бүгін Трамп Давостағы форумда сөз сөйлейді. Шарадан соң президент Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы отырысы аясында бірнеше мемлекет пен үкімет басшыларымен кездесуді жоспарлап отыр. Талқылаулар барысында АҚШ-тың Гренландияға қатысты жоспарлары сөз болады деп күтілуде.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 22 қаңтарда Давос қаласына жұмыс сапарымен баратынын жазған едік.