Қазақстан медиасындағы әйел журналистердің кәсіби болмысы зерттелді

55
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UvsbBtucdXYg0BhLeev4w1cpGrQ3UBIFCnvJwt8q.jpg

Анкара университеті Әлеуметтік ғылымдар институтының Журналистика мамандығының PhD докторанты, Түркияның “Türkiye Bursları” шәкіртақысының екі мәрте жеңімпазы Наргиз Бекен «Қазақстан медиасында әйел болу» атты монография-кiтабын жарыққа шығарды.

Ғылыми еңбек Қазақстандағы әйел журналистердің кәсіби өмірінде кездесетін гендерлік теңсіздіктерді, құрылымдық және мәдени кедергілерді, сондай-ақ осы қиындықтарға қарсы қалыптасқан жеке және ұжымдық әрекет ету тәжірибелерін талдауға арналған. Кітапта әлеуметтік гендерлік рөлдер, жалақы теңдігі, қызметтік өсу, басқарушы лауазымдарға қол жеткізу, жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңдік сияқты мәселелер жан-жақты қарастырылған.

Зерттеу сапалық әдістерге негізделіп, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде қызмет атқаратын 10 әйел журналистпен тереңдетілген сұхбат жүргізу арқылы дайындалған. Автор әйел журналистердің демократиялық қоғамдағы рөлін атап көрсетіп, олардың еңбек жағдайындағы теңсіздіктерді нақты мысалдармен дәлелдеген.

Наргиз Бекеннің айтуынша, кітап тек академиялық зерттеу емес, жеке тәжірибе мен өмірлік үндеудің нәтижесі:

«Бұл кітапты зерттеу ретінде емес, парыз ретінде жаздым. Анамның және анам сияқты тағдырлас әйелдердің еңбегіне, сабырына, күшіне деген құрметті биіктету үшін жаздым», – дейді автор.

Монография медиа саласындағы гендерлік теңдікті нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстар мен практикалық шешімдерді қамтиды және Қазақстандағы әйел журналистер тақырыбындағы зерттеулерді толықтырады.

Yorumlar
Diğer Haberler