Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи елдегі наразылықтарды күш құрылымдары баса алмаған жағдайда Тегераннан қашып кетуді жоспарлап отыр. Ол өзімен бірге 20 көмекшісі мен отбасын ертіп кетпек. Бұл туралы The Times газеті Ұлыбритания барлау қызметінің деректеріне сілтеме жасай отырып жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«В жоспары Хаменеи мен оның ең жақын ортасына, соның ішінде ұлы әрі ықтимал мұрагері Моджтабаға арналған», – делінген хабарламада.
Израиль барлау қызметінің өкілі Бени Сабтидің пікірінше, аятолла Мәскеу қаласына қашуы мүмкін, өйткені оның басқа баратын жері жоқ.
Сондай-ақ The Times биліктен қуылған Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың Ресейден баспана алғанын атап өтті. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Асадтың қызметтен кетуін оның жеке шешімі деп атаған еді. Өткен жылдың соңында Песков Асадтың Ресейдегі жағдайы мен оның Владимир Путинмен кездесуі туралы сұраққа: «Бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат бере алмаймыз», – деп жауап берген.
2013 жылғы Reuters агенттігінің бағалауынша, Хаменеиға тиесілі жылжымайтын мүлік пен компанияларды қоса есептегендегі жалпы актив көлемі 95 млрд долларға жетеді. Газет дерегінше, Хаменеиға жақын бірқатар жоғары лауазымды тұлғаның, соның ішінде Иран ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінің хатшысы Әли Лариджанидің туыстары шетелде – АҚШ, Канада және Дубайда тұрады.
Барлау есебінде аятолланың өткен жылғы Израильмен болған 12 күндік соғыстан кейін «әлсірегені» айтылған. Ол соңғы күндері, соның ішінде наразылықтар кезінде де көпшілік алдына сирек шыққан. Қақтығыс кезеңінде Хаменеи бункерде жасырынғаны айтылады.
«Бір жағынан ол – қатты идеологиялық ұстанымдағы тұлға, екінші жағынан – прагматик. Ұзақ мерзімді мақсат үшін тактикалық ымыраға баруға дайын. Ол болашақты ойлайды», – делінген хабарламада.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранда бағаның өсуінен туындаған наразылықтар күшпен басылса, Вашингтон араласуға дайын екенін мәлімдеген. Бұған жауап ретінде Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінің хатшысы Лариджани АҚШ-тың Иранның ішкі істеріне араласуы «бүкіл өңірдің тұрақсыздануына» және «Американың мүдделеріне нұқсан келтіруге» әкелетінін ескерткен болатын.