Жаңа жыл қарсаңында. Жарылғыш заттан бірнеше адам зардап шекті

122
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lMcMHidtPvdAhuXTMWNFtBAu2zuvJ4oPOrBWtVLP.jpg

Павлодарда жаңа жыл түні пиротехникалық бұйымдарды қолдану салдарынан екі бала мен екі ересек адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, пиротехникаға байланысты алғашқы шақырту жаңа жыл басталғаннан кейін 28 минут өткен соң түскен. 16 жастағы қыз баланың кеуде тұсынан термиялық күйік алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілгені белгілі болды. Сол ауруханаға қолында петарда жарылып кеткен 15 жастағы жасөспірім де жеткізілді. Ол екі көзінің және сол қолының термиялық күйігін алған.

Сондай-ақ, жаңа жыл түні Кенжекөл ауылынан Павлодар қалалық №1 ауруханасына 33 жастағы ер адам жеткізілген. Оның қолында «бомбочка» жарылып, күйік пен қолының жыртылып-кесілген жарақатын алған.

Тағы бір жағдайда 18 жастағы жас жігіт сатып алған фейерверктің толық атылған-атылмағанын тексермек болған кезде көзінен жарақат алған.

Ирина Мищенко пиротехникалық бұйымдардың аса қауіпті екенін еске салды. Оның сөзінше, қарапайым салғырттық көру қабілетінен немесе қолдың қозғалыс мүмкіндігінен айырылуға әкелуі мүмкін. Ең жиі кездесетін қателіктер – петарданы тұтандырғаннан кейін қолда ұстап тұру және салюттің іске қосылған-қосылмағанын тексеру. Адамның реакциясы жарылыс жылдамдығынан әлдеқайда баяу.

Мамандар жарақат алған жағдайда күйік орнын салқын ағын сумен шайып, таза таңғыш салып, дереу жедел жәрдем шақыру қажеттігін ескертеді.

Yorumlar
Diğer Haberler