Вашингтонда Мұхтар Мағауиннің жылдық асы берілді

226
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TJI0E8nGUWle2h5Vat6FnWZ1jXvRsGOsmHHNSVpy.jpg

Вашингтонда Алаштың асыл тұлғасы, абызы, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің жылдық асы өтті. Бұл туралы АҚШ-тағы қазақ азаматы Сапарбек Нағашыбеков Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна».

 Kazakh American Association өкілдері Мұхтар Мағауинның қабіріне зиярат етіп, Құран бағыштады. Одан кейін жазушының ұлы Едігенің шаңырағына барып, асқа қатысқан.

 «Осы аста Мұхтар атамызды еске алып, тағылымды, өнегелі әңгімелер айтылды. Мұхтар Мағауинді тек қазақтар ғана емес, Түркі-Тұран әлемі, қырғыздар, орыстар, немістер де жоғары бағалап, зор құрметтейді екен.

Мұхтар Мағауин бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқына арнады. Ол 27 томдық еңбегін жазып, қазақтың бес ғасырлық тарихын рухани тұрғыда түгендеп берді. Болашақ ұрпақ атамыздың ұлы еңбегін әлі талай бағалайтыны сөзсіз. Қазақтың тарихында осыншама кітаптар жазған жазушы болмаған.

 Осы еңбектері үшін біз, қазақ халқы, Мұхтар Мағауинге қарыздармыз. Қазақтар атынан Мұхтар атамызға және Мағауиндер әулетіне шексіз алғысымды білдіремін.

Вашингтонда біздің Ассоциация ұйымдастырған Наурыз мерекелері мен түрлі басқосуларға Мұхтар атамыз үнемі қатысып, батасын беріп, тағылымды әңгімелерімен рухымызды көтеріп отыратын.

Ол — Вашингтондағы қазақтардың асқар тауы еді. Атамызды сағындық. Жатқан жері жарық, жаны жәннатта болсын. Мұхтар Мағауин атамыздың қабірін зират етеміз деген ағайын google карта мен осы жерге баруға болады», деп жазды Сапарбек Нағашыбеков.

Мұхтар Мағауин - жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы.

Ол 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Әр жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында қызмет істеген. Ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Мәскеуде Максим Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша лекция оқыған.

Жазушы ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.

Жазушының XV–XVІІІ ғасырдағы қазақ ақын, жыраулары туралы "Қобыз сарыны", "Көк мұнар" романы, "Шақан-Шері", "Гауһар" роман-дилогиясы, "Жармақ", "Шыңғыс ханның шарапаты" және өзге де шығармалары бар.

2006 жылда Мұхтар Мағауин елден жыраққа кетіп, әуелі Чехия қалаларында, кейін Вашингтонда тұрды. Биыл 10 қаңтарда 85-ке қараған шағында сол елде өмірден өтті. Жазушының  денесі өзінің өсиеті бойынша Вашингтон маңындағы Парклоун мемориалдық зиратына қойылды.

Yorumlar
Diğer Haberler